KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
515.02 604.22 6.5

Жеке куәлік енді тегін: қазақстандықтар үшін жаңа тәртіп енгізіледі

Кеше, 16:30 95 Төлеуғазы Жансая

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан азаматтары жеке куәлікті мемлекеттік баж салығын төлемей ала алады. Бұл жеңілдік құжатты алғаш рет рәсімдегендерге және жарамдылық мерзімі аяқталған соң ауыстырғандарға қатысты болмақ. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ІІМ мәліметінше, жаңа өзгерістер азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және халыққа түсетін қаржылық жүктемені азайту мақсатында енгізіліп отыр. Бастамаға Ішкі істер министрлігі тікелей ұйытқы болған.

Polisia.kz медиа-порталының хабарлауынша, бұған дейін жеке куәлікті рәсімдеу кезінде азаматтар мемлекеттік баж салығын төлеуге міндетті еді. Ал жаңа тәртіпке сәйкес, енді бұл төлем жойылады.

ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықовтың айтуынша, өзгеріс ең алдымен жастар мен әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін тиімді болмақ.

«Жеке куәлікті алғаш рет алу кезінде құжат тегін беріледі. Сонымен қатар оның жарамдылық мерзімі аяқталған соң ауыстырған жағдайда да мемлекеттік баж салығын төлеу талап етілмейді», – деді ол.

Алайда мамандар бұл жеңілдік жеке куәлікті жоғалтып алу, бүлдіру немесе деректерді өзгерту жағдайларына қолданылмайтынын нақтылады. Мұндай жағдайда қолданыстағы тәртіп сақталып, баж салығы төленеді.

Айта кетейік, 2025 жылдың маусым айынан бастап Қазақстанда жаңа үлгідегі жеке куәліктер беріле бастады. Жаңартылған құжаттарда қорғаныш деңгейі күшейтіліп, заманауи цифрлық элементтер енгізілген. Бұл – құжаттың қолдан жасалуына жол бермеу және азаматтардың дербес деректерін қорғау мақсатында қолға алынған шара.

Жаңа өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде күшіне енеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу