KZ
Өскемен
-20°
туман Штиль
504.6 594.27 6.48

Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңес құрылды

22.12.2025, 17:00 120 Ержан Әбіш

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстанның Ұлттық банкімен және ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп консультациялық-кеңесші орган – Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңестің құрылғанын мәлімдеді. Бұл шешім Мемлекеттік қаржы саласының тұрақтылығын қамтамасыз ету мен Қазақстанның 2025-2027 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының теңгерімін арттыру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру шеңберінде қабылданды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кеңесті құру елдің фискалдық және ақша-несие саясатын үйлестіруді күшейтуге мүмкіндік береді.

Кеңес қызметі мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының ауқымын кеңейтуге, оның өтімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталады. Сонымен қатар бюджет тапшылығының алдын алу мақсатында мемлекеттік қарыз алу құнын төмендету, квазимемлекеттік сектор мен корпоративтік эмитенттер үшін нарықтық бенчмарк қалыптастыруға ықпал ететін шараларды әзірлеу көзделген.

Кеңестің негізгі міндеттеріне макроэкономикалық жағдайлар мен қарыз тұрақтылығын ескере отырып, мемлекеттік қарызды басқару бойынша келісілген тәсілдерді қалыптастыру, мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту, оларды ішкі және сыртқы нарықтарға орналастыру саясатын жетілдіру кіреді.

Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңестің құрылуы Қаржы министрлігі, Ұлттық банк және Ұлттық экономика министрлігі арасындағы өзара іс-қимылдың нығайғанын көрсетеді. Бұл қадам фискалдық және ақша-несие саясатын тиімді үйлестіруге, сондай-ақ бағалы қағаздардың ішкі нарығын дамытуға басымдық берілгенін айғақтайды.

Мемлекеттік бағалы қағаздардың тиімді әрі өтімді нарығын қалыптастыру мемлекеттік қаржы жүйесінің орнықтылығын арттырудың, табыстылық бойынша нарықтық бағдарды қалыптастырудың және елдегі қор нарығын одан әрі дамытудың маңызды факторларының бірі болып саналады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу