KZ
Өскемен
-18°
плотный туман Штиль
504.6 594.27 6.48

Тарихи тұлғалар тағдыры

26.12.2025, 16:30 147 Базарова Айгүл

Қазақтың рухани әлемінде Ақан Сері Қорамсаұлының орны – айрықша. Ол тек ғашықтық пен сұлулықты жырлаған сал-сері ғана емес, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамының қасіреті мен қайшылығын, әділетсіздік пен адам тағдырын өнер тілімен бейнелеген ұлы тұлға. Ақанның «Балқадиша», «Қараторғай», «Құлагер» секілді әндері – жеке тағдырдың ғана емес, тұтас бір ұлттың жан айқайы, рухани шежіресі.

Алайда Ақан Серінің мұрасы мен тағдырына деген бүгінгі көзқарас – осы ұлттың тарихи жадына жасаған сын іспетті. Әлем қазақты Ақан Сері арқылы танығанымен, өз жерінде оның бейіті иесіз далада қалып, киелі мекендері шетқақпай көріп отыр. Бұл – тек бір тұлғаның емес, тұтас Арқа өнерпаздарының, сал-серілер дәстүрінің, ұлттық мәдени саясаттың күйін көрсететін ащы шындық.

Осы материалда Ақан Серінің ғана емес, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Мәди, Әміре Қашаубаев сынды алыптардың тағдыры арқылы қазақ руханиятының асқақтығы мен оған жасалған қиянат, тарихи әділет қатар көрсетіледі. Бұл – өткенді жоқтау емес, болашаққа аманат, дейді Altainews.kz редакциясы оқырмандарына жұмысын жолдаған зерттеуші Ахмет Дүйсенбаев. 

Ақан сері Қорамсаұлы (1843–1913) Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөлде туған. Шын аты – Ақжігіт, Қарауыл руынан. Оның бай әкесі Қорамса баласын ауылдық молладан арабша сауат аштыртып, 13 жасында Ақанды Петропавлға медреседе оқуға жіберді. Бірақ діни уағыздар табиғатынан зерделі ұшқыр ойлы баланы тез жалықтырды, сондықтан ол үйіне қайтып келді. Бірақ қалада орыс тілін аздап үйреніп үлгерді. Ақан Сері неткен ғажап өлең сөздің патшасы:

"Аулым қонған Сырымбет саласына,

Болдым ғашық ақ сұңқар баласына.

Бидайыққа лайық қарағым-ай,

Бөктергіге қор болып барасың ба?" — десе.

Балқадиша әні қазақтың ұлы ақыны, дарынды композиторы, күміс көмей әншісі Ақан Серінің мәңгілік мұрасы. Бұл әнді Ақан 1904 жылы Бұланды тауының етегінде жаны күйзелісте отырған кезде суырып салма жанырында өмірге әкелген. Әннің құдыреті соншама зор – соңғы 121 жылда "Балқадиша" қазақ Сахарасында, көрші елдерде өте көп айтылды.

Өкінішке орай, өткен 121 жылда "Балқадиша" тек екі рет қана Ақан Серінің деңгейінде шырқалды. 1925 жылы Парижде Дүние жүзілік өнер көрмесінде Әміре Қашаубаевтың, 2025 жылы Атыраулық 14 жастағы дзюдошы Иса Бекболаттың орындауында. Арасы тура бір ғасыр. Өйткені "Балқадишаның" әуені өте күрделі. Бұл ән – нақышы сегіз қырлы заңғар ұлы дала симфониясы: тұлпардың шабысы, аққудың жүзуі мен қыранның қалықтауы.

Ақан Серінің «Қараторғай» әні 1909 жылы өмірге келген. Ол Ақанның жан серігіне айналған бүркітке арналған сырлы туынды. Қартайған бүркіттің шаршаған бейнесі арқылы Ақан Сері өмірдің өткіншілігін суреттейді.

«Келеді Қараторғай қанат қағып,

Астына қанатының маржан тағып.

Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің,

Айрылдым қапылыста сенен нағып».

Осы 115 жылда «Қараторғайды» да әншілер «Балқадиша» секілді сансыз көп рет айтқан. Бірақ ақынның драма мен трагедияға толы ішіне жиналған шерін еш әнші тыңдаушысына Ақанның өзіндей жеткізу оңай болмаған. «Қараторғайды» 2024 жылы Ресейдің Алтай республикасының Қосағаш ауданының мектеп оқушылары нағыз авторлық нақышпен орындап, қазақ музыка өнерінің тереңдігін көрсетті.

Ақан Серінің «Балқадиша», «Қараторғай» тағы басқа атақты әндері оның өмірінің драмаға толы соңғы кезінде дүниеге келді. Ақан әндерін әсерлі айту үшін Ақан образына кіру қажет. Бірақ, Ақан Сері образы – қиын өмір иесінің образы. 14 жастағы дзюдошы Иса Бекболат оны игерді.

Ресейдің Алтай республикасының Қосағаш ауданының мектеп оқушылары – олар албырт, адал, өмірде тек әділдікке сенетін үлбіреген жастар. Тағы бір себеп: шалғайда елі мен жерін сағынып, елеңдеп жүрген адамдардың жан дүниесінің күйі Ақан Серінің «Қараторғайымен» тура үндес.

Ақан Сері өзі дәуірлеп тұрған кезінде Балуан Шолақ, Біржан сал (1834–1897, Жөкей, Степняк) Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса (1835–1929, Баянаул, Жасыбай), Естай (1874–1946 Екібастұз, Ақкөл ауылы), Құрманғазы (1818–1889, Бөкей ордасы), Мәшһүр Жүсіп (1858–1931, Баянауыл), Иманжүсіп (1863–1931, Аксу, Павлодар), сияқты ақын-әншілермен аралас болып, халықтың рухани өміріне ауқымды ықпал еткен.

Ақан Серінің әні «Балқадиша» Көкшетау мен Атбасар дуандарында би болған Беген Дүйсенбайұлының досы Ыбырай бидің қызы Балқадишаға (Қадишаға) арналған.

Балқадишаның туған жері – Қараөткел ауылы (1883–1950). Оның шын есімі – Төкен. Әкесі Ыбырай кезінде қара кылды қақ жарған сол өңірдің белгілі әділ биі болған.

Зеренді тауына жалғас жатқан Қошқарбай тауы, одан әріректе орналасқан Жыланды тауы. Ақан Сері сол маңдағы ауылдарды әнмен сусындатып, Жыланды жағына барғанда, Балқадишаның ұзатылғанын естиді. Сонда ол қапаланып:

«Басынан Жыландының құлағаным,

Кекілін Кербестінің сылағаным.

Кетті деп Балқадиша естігенде,

Құшақтап құз-жартасты жылағаным», – деп өлең шығарған.

Балқадиша 1904 жылы 21 жасында Кеңөткел ауылында өзінен алты-жеті жас үлкен Сүлейменге тұрмысқа шығады. Отызыншы жылдары оны: «әкесі Ыбырай би болған, келген жері бай – кұлақ» деп кәмпескеленеді. Балқадиша 1937 жылы күйеуімен Челябінің Златоуст деген қаласында пана тауып, 1939 жылы еліне қайтып оралады. Балқадишаның анасы да, жұбайы да Қылды Қарауыл руынан.

Шоқан Уәлихановтың (1835–1865) қазасына Ақан Сері көңіл айтып, оны Көкшенің биігіне, теңіздегі кемеге теңейді, «40 темірдің қылауын қосқан өнерпаз» деп бағалайды. Қазақ руханиятында әлі күнге көп құпиясы ашылмай келеді. Мысалы, «Аққан жұлдыздың» да ақылға сыймайтын соншама шолақ аянышты ғұмыры.

Ақан серінің бір мезгілде басына түскен қос трагедиясы: сүйікті жары Ұрқияның өлімі мен жан серігі Құлагердің тағдыры еді. Құлагердің мерт болуымен бірге Ақанның өзі де рухани қазаға ұшырады. Ақанның қанаты қайрылды, пырақты шабысынан айрылды. Жалғыз өзі ел-жұртынан жырақ күй кешті. Құлагер өлімі жаралы жанын күйреткен, аяусыз соққы болды. Қиянат пен әділетсіздіктен жапа шекті.

Ақан Серінің әкесі Қорамсаның зираты үлкен тас жолдағы өздерінің ежелгі ата қоныстары – Комаровка селосында, бұрынғы Шыбынды ауылы. Ал, баласы — Ақан Қорамсаұлы Айыртау ауданының Тереңкөл ауылынан солтүстікке қарай 9 шақырымда айдалада жерленген. Туған апасының (әпкесінің) жанына қоя салған екен. Ол жерге кәзір тек ит-құс пен адасқан адам ғана барады.

Комаровка селосы бұрынғы Шыбынды ауылы екенінің дәлелі: 1861 жылы Ресей империясында крепостнойлық құқық жойылған соң Сарыарқаға келген қоныс ауыстырушы Ресей халқының өкілдері топонимдермен айналысқан. Олар қазақ жер-су аттарын өз тілдеріне түсінікті етіп өзгерткен. Қазақша гугл-де бұл топоним жоқ. Орысша гугл-де: «Название «Комаровка» могло произойти от обилия комаров» – делінген. Бұл фамилия емес. Ол топоним, өйткені Үлкен Қоскөлдің жанында тағы 2 көл бар. Ол сулы батпақты, шыбын-шіркейге толы дымқыл жер.

Әлбетте қазақтың жер-су аттары сол тұстың ерекшелгімен тікелей байаныста. Мысалы: Шыбынды, Қоянды, Қарғалы, Бүркітті, Жыланды, Түлкілі, Теректі, Сабынды, Қарағайлы, Қайыңды, Қарағанды, Сандықтау, Сарытау (Саратов), Көкшетау (Кокчетав), Шортан көлі, Шортан кенті, Ақбұлақ, Қарабұлақ, Қос томар (Костомаровка), Тырналы (Журавлёвка) т.с.с.

1993 жылы ақынның 150 жылдығына орай Қоскөл маңына жаңа заманауи Ақан сері ауылы мен Ақанға арналған мемориалдық кешен-ескерткіш текке салынды. Қазір ол үлкен жолдан тым шалғай қаңырап қалған ауылда ешкім тұрмайды, халқы қалаға көшіп кеткен.

Сол жылдары Ақан ескерткішін, мәдениет үйін, жаңа мектепті Комаровкаға салып, атын «Ақан Сері ауылы» деп өзгерту қажет еді! Ақанның Тереңкөлдегі сүйегін Шыбындыға (Комаровкаға) әкеліп, арулап жерлеп үстіне көркем кесене салу ұрпақтары мен халқына әрі үлкен сын, әрі жауапты міндет.

Тереңкөлдегі халық көрмеген тамаша Ақан ескерткішін де Шыбындыға көшіру қажет.

1975 жылы Дінмұханбет Қонаев Ақтауға іссапармен барып, кешкісін қала жұртшылығымен кездесу кезінді, әзілдеп айтқан екен: «үйлеріңізден зираттарыңыз әдемі екен, неге?» - деп. Сонда, Адайдың бір ақсақалы: «Димеке, өйткені үйлерді сіз салдыңыз, зираттарды біз салдық» - деген. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!

1973 жылы Ақан Серінің 130 жылдығына орай Целинорад облысы Ерейментау ауданы Еркіншілік совхозының директоры Давид Риммер сол жерде жол жағасына Құлагерге бронзадан ескерткіш орнатқан, бірақ оны 1993 жылы жергілікті «батыр іскерлер» кесіп металл сынықтарына тапсырған. Неміс Давид Риммердің қазақ безген Құлагерге бас игені – оның көреген саналы адам екендігі. Өкініштісі, бұл шағын ескерткіште айшық терең сыр бар еді. 

Қорытып айтқанда, Ақан Серінің шығармашылығындағы лирикалық әндер – халық шығармашылығының жарқын үлгісі. Олар ұлттық мәдениетке ерекше көркем тіл мен жоғары поэзия үлгілерін енгізді, халықтың рухани сұлулығын, мұраттары мен ұмтылыстарын, адамгершілік негіздерін көрсетті.

Болашақ Ақан аулында (ежелгі Шыбындыда, бүгінгі Комаровкада) Ақан Сері Қорамсаұлының дарынына лайықты кесене салынса, ол ән өнерінің Меккесі болуы айғақ.

БАЛУАН ШОЛАҚ

Балуан Шолақтың (1864–1919) азан шақырылып қойылған аты Нұрмағанбет. Шыққан тегі – Ұлы Жүздің Дулат тайпасының Самбет руынан. Өмірі Көкшетау өңірінде нағашылары: Атығай-Қарауыл руларының арасында өткен.

Балуан Шолақ менің атам Беген бимен әрі құрдас, әрі сырлас-дос болған. Ол біздің ауылдан 90 шақырым жердегі Бұланды ауданының Қызыл кордон ауылынынан 6 шақырым жердегі Тастыөзек атты ауылда өмір сүрді. Қызыл кордонда бұрын патшаның атты әскерінің (шекпендер) тұрағы, кейін орман шаруашылығы болған. Балуан Шолақты 1917 жылы белгісіз біреу Ақбалақтың орманынан шығып келе жатқанда атып, жаралаған. Екі жылдан кейін Балуан Шолақ сол оқтан қайтыс болған.

Балуан Шолақ жыл сайын Бұландыдан шығып Атбасар жәрмеңкесіне атқосшыларымен бара жатқанында біздің ауыл Қасқатауға 1-2 күнге келіп, сыйлы қонақ болып, өлең айтып, халықпен жүздесіп кетеді екен.

«Сонда біз алты қанат ақ үй тігіп, оны әшекейлеп, жанындағы көк шөпке кілем, алаша, кигіз төсеп, жерошаққтағы қазандарға ет пен бауырсақ пісіріп мәз-мәйрам болатынбыз!» – деп маған бала кезімде әжем Шәйізза айтатын. Қонақтарға атаң ең үлкен, ең семіз қойды сойғыздыртатын.

ҮКІЛІ ЫБЫРАЙ

Үкілі Ыбырай (1860, Айыртау ауданы – 1930, Орынбор, Ресей). Оның Кеңес укіметін сынап, Патша заманын мақтап Орынбор түрмесінде шығарған соңғы өлеңін әкем Рахмет Бекмағанбетұлы (1908–1985) бала кезімде біз шөптен келе жатқанымызда арбаның үстінде қоңыр дауысымен айтып отыратын.

"Айналайын Советім,

Өлімге тартты тәбетің.

«Аша тұяқ қалдырмай»,

Асқынды масыл ғадетің.

Зобалаң келді тонаған,

Сыпырдың малды қорадан"

Осы өлеңі үшін Үкілі Ыбырай 70 жасында Орынборда атылған. Ашаршылық, ұжымдастыру мен репрессия мәселесін жырларымен алғаш рет көтерген Үкілі Ыбырай ақын.

БІРЖАН САЛ

Біржан сал (1831–1894, Көкшетау облысы,Еңбекшілдер ауданы, Жөкей ауылы) – алты Алашқа аты жайылып, аспандағы лашынға үнін қосқан өмірінің сонңғы кезеңі трагедиялық жағдайда өтті.

Біржан мен Сара айтысы — айтыс өнерінің озық үлгісі. Ол 1871 жылы Алматы облысының Қапал-Ақсу өңірінде Ешкіөлмес тауының баурайында Тоғызқұмалақ мекенінде Біржан Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызы арасында өтеді.

Ел ішіндегі руаралық талас-тартыстың салдары Біржанға да соқпай кеткен жоқ. Біржанды «жынданды» деп ел арасына жалған лақап таратып, қол-аяғын байлап, жан азабын тартқызады. Біржан салды «жынды» деп арбаға байлап, домбырасын сындырған еді.

Абаймен 1865 жылы кездесуі Біржан салдың композиторлық, әншілік, ақындық өнерінің дами түсуіне үлкен әсер етті. Біржан сал қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, өз өлеңдерімен толықтырған ірі тұлға.

ЖАЯУ МҰСА

Жаяу Мұса (1835—1929) – саналы өмірін әділет жолындағы табанды күреспен өткізген ірі тұлға. «Туған жерім Баянауыл, Кейде тынық, кейде дауыл» деген екен. Қиянатқа қарсы күрестің айбынды ұранына айналған өлеңі "Ақ-сиса". Өнер иесі, әділдік үшін күрескен жан. Шорманов – Шоқан Уәлихановтың туған нағашысы.

МӘДИ БӘПИҰЛЫ

Мәди Бәпиұлы (1880–1921). Арқаның әйгілі күрескер ақыны, композиторы, әншісі, сал-серісі. 1921 жылы Мәди қайтыс болады. Ол да өз ажалымен өлмеген. Атып кеткен.

«Атыңнан айналайын Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.

Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,

Мен бір жан куғын көрген Арқадағы».

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ 

Әміре Қашаубаев (1888–1934) Семей облысы, Абыралы ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. Шыққан тегі Орта жүз, Тарақты руы. Қазақтың атақты әншісі, актер әрі музыканты.

Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде «ЭКСПО»–да Ақан Серінің «Балқадиша» мен «Қараторғай» әндерімен Европаны таң қалдырған. Ол Париж, Франкфурт пен Мәскеуде қазақ музыкасын тұңғыш рет әлемге танытқан әнші. Оның әндеріне Ромен Роллан, Анри Барбюс, т. б. тарапынан жоғары баға берілген. Сарбонна университетінің профессоры Жак Перноо Әміренің орындауында бірнеше әнді фонографқа жазып алған. А.В.Затаевич те Әміреден Ақан Серінің әндерін жазып алған.

Бір ғасыр бұрын Әміре Қашаубаев әлемнің әсемдік астанасы – Парижде Ақан Серінің «Балқадишасын» дүние жүзілік аренаға шығарады, ал «Балқадиша» да оны осы биіктікке көтерді.

Қазақ музыкасының ұлылығын бір ғасыр бұрын Әміре Қашаубаев Парижде Ақан Серінің «Балқадишасынмен» әлемге паш еткен. Онда неге Арғындар жерінің төрінде, Шоқан Уәлихановтың өскен өңір – Айыртауда Ақан Серінің осы егеменді жаңа замандағы өте жұпыны кесенесі неге осы күнге дейін сиқымызақ болып тұр? Еш халық пен елдің Ақан Серіге өкпе-назы жоқ. 

Әміре Қашаубаев 1925 жылғы Париж сапарында Алаш қайраткері Мұстафа Шоқаймен кездесті. 1934 жылдың 7 қарашасында Әміре Алматыда "Қыз-Жібек" операсын қою үшін үлкен премьераға дайындалады. Күләш Байсейітовамен бірге сахнаға шығып, Төлегеннің партиясын орындау Әміренің арманы болады.

Қақаған қара суықта 1934 жылдың 6 қарашасында Алматы көшелерінің бірінен 46 жастағы әншінің өлі денесі табылады. Қаһарлы орган НКВД-ның қатаң уысына түскен Әміренің өлімінің өзі жұмбақ.

Ақан Сері Қорамсаұлы – қазақтың ән өнеріндегі жалғыз дәуір. Оның шығармалары халықтық деңгейге көтерілгенімен, өзі өмірде жалғыздық пен трагедияны бастан кешті. Құлагердің өлімімен бірге Ақанның да қанаты қайырылды, ал бүгін сол қайғылы тағдырдың көлеңкесі оның рухани мұрасына да түсіп тұрғандай.

Ақан ауылы (ежелгі Шыбынды, бүгінгі Комаровка) қайта жаңғырып, лайықты кесене бой көтерсе, ол тек бір ескерткіш емес, қазақ ән өнерінің қасиетті орталығына айналар еді. 

Ұлы тұлғаларды ұлықтау – ұранмен емес, нақты іспен өлшенеді. Ақан Сері, Біржан сал, Балуан Шолақтар аңсаған әділет пен ар – бүгінгі ұрпақтың мойнындағы аманат. Сол аманатқа адал болу – елдігіміздің өлшемі.



Фото: Әдебиет порталы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу