Шығыс Қазақстанда жол қозғалысына шектеу енгізілді
Шығыс Қазақстан облысының аумағында ауа райы жағдайының күрт нашарлауына байланысты автожолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар бағыттарда уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды Altainews.kz.
2025 жылғы 26 желтоқсан күні сағат 14:00-ден бастап өңірде көріну қашықтығының төмендеуі, қатты боран, қар жаууы, желдің екпін алуы және көктайғақтың қалыптасуы салдарынан тіркемесі мен жартылай тіркемесі бар жүк автокөліктері мен жолаушылар автобустары үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.
Шектеу келесі республикалық маңызы бар автожол учаскелерінде қолданылады:
«Өскемен – Семей» автожолы 10–103 шақырым аралығы (Герасимовка ауылы – Абай облысының шекарасы);
«Өскемен – Риддер – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолы 15–105 шақырым аралығы (Белоусовка кенті – Риддер қаласы);
«Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолы 1104–1191 шақырым аралығы (Глубокое ауылына бұрылыс – Шемонаиха қаласы);
«Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолы 7–166 шақырым аралығы (Ушановское ауылы – Алтай қаласы).
Құзырлы қызметтер жол жағдайын тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Қозғалысқа қойылған шектеулер ауа райы тұрақталған соң алынып тасталады.
Жүргізушілерге ауа райының қолайсыздығын ескеріп, алыс жолға шықпау, ал жолға шыққан жағдайда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау ұсынылады.