KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 2 м/с, З
505.53 593.44 6.34

Кішкентай жүректерге мейірім мен жылу сыйлаған кездесу

27.12.2025, 13:00 164 Айна Бакимбаева

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бүгін Өскемен қаласындағы Ахмер ауылында орналасқан отбасылық үлгідегі Балалар ауылының тәрбиеленушілермен бірге жаңажылдық мерекеге қатысты. Мейірім мен қамқорлыққа толы тағылымды сәттерге ұласқан бұл кездесуден балалар ерекше рухани серпіліс алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аталған Балалар ауылы өңірде 25 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мұнда 65 бала тәрбиеленуде. Мұндағы басты ұстаным – балаларды мүмкіндігінше отбасылық ортаға жақын жағдайда тәрбиелеу. Әр үйде ана-тәрбиешілер бар, балалардың күнделікті өмірі бір отбасының тіршілігіндей ұйымдастырылған. Білім беру үдерісі қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізіледі, бұл – балалардың жан-жақты дамуына жол ашатын маңызды мүмкіндік.

Акт залында тәрбиеленушілер мен аймақ басшысының қатысуымен Жаңа жылға арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Сахна төрінде балалар ән шырқап, би билеп, театрландырылған қойылымдар ұсынды. Әр нөмірден олардың өнерге деген ықыласы, өмірге деген құштарлығы сезіліп тұрды. Көрермендер арасында отырған қонақтардың да көңілі босап, жүрекке жылу ұялағаны анық байқалды.

Балалардың атынан сөз алған жасөспірім Роман Цой толқынысын жасыра алмай, шынайы лебізін жеткізді.

– Өскенде сіздер сияқты елге қызмет ететін, балалардың жағдайын ойлайтын азамат болғым келеді. Бүгін бізбен бірге болғандарыңыз үшін сіздерге көп рахмет, – деді ол.

Аймақ басшысы балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін арнады әрі тәтті сыйлықтар табыстады. Балалар ауылының ұжымына екі миллион теңгенің сертификаты тапсырылды.

– Балақайлардың амандығы, қауіпсіздігі және бақытты балалық шағы үшін жағдай жасау – өңірдің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да ерекше назарда болады. Мемлекет басшысы сіздерге спортпен айналысуға, сапалы білім алуға барлық жағдайды жасап отыр. Сіздер алаңсыз оқып, дамып, армандарыңызға сеніммен қадам басыңыздар. Бәріңізге бақытты балалық шақ тілеймін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Одан кейін облыс әкімі балалардың тұратын үйлерін аралап, тұрмыс жағдайымен егжей-тегжейлі танысты. Әкім кірген отбасыда тоғыз бала тәрбиеленіп жатыр екен. Әр отбасы үйінің екінші қабатында жатын бөлмелер орналасса, төменгі қабатта ас үй мен кең асхана бар. Үлкен дастархан басында бір үйдің баласындай болып кеткен ұл-қыздар күнделікті сабақта болған қызықты оқиғаларымен, алған әсерлерімен бөлісіп отырады. Бір бөлмеде апалы-сіңлілі екі қыз, екінші бөлмеде ұл балалар, ал үшінші бөлмеде Евгения мен Лена есімді қыздар тұрады.

Ана-тәрбиеші Дана Асанованың айтуынша, оның отбасында 7 мен 16 жас аралығындағы тоғыз бала тәрбиеленуде.

– Балалардың барлығы орыс ұлтынан, үш түрлі отбасының балалары. Ата-аналарының көбі тек телефон арқылы ғана хабарласады, кейбірі ата-ана құқығынан айырылған. Балалардың бірі жаңа ортаға бір айда бейімделсе, енді бірі бір аптада-ақ сіңісіп кетеді. Үй жинауға, ас дайындауға көмектеседі, үй шаруасын өздері атқарады. Біз оларды өздігінен өмір сүруге, жауапкершілікке үйретеміз, – дейді ана-тәрбиеші.

Балалардың бірі – Евгения кездесуден алған әсерімен бөлісті:

– Облыс әкімі біздің бөлмеге кірген сәтте қатты қуандым, сонымен қатар аздап толқыдым. Мұндай кездесулер бізге үлкен мотивация береді. Басында қобалжу болды, бірақ ол бірден қуанышқа ұласты. Бізде бәрі жеткілікті, ештеңеге зәру емеспіз. Бос уақытымызда кітап оқимыз, сабақ орындаймыз, түрлі қолөнер бұйымдарын, әшекей-білезіктер жасаймыз, үйірмелерге қатысамыз. Маған бұл жер өте ұнайды, – дейді ол.

Ана-тәрбиеші Дана Қабидолдақызының айтуынша, Евгения бұл отбасына келгеніне небәрі екі-үш апта ғана болған. Соған қарамастан, жасөспірім жаңа ортаға тез бейімделіп, өзін еркін сезіне бастаған.

– Менде қорқыныш емес, керісінше толқу болды. Әкімге айтар арнайы өтінішім болған жоқ, себебі мұнда бәрі жақсы ұйымдастырылған. Уақытымызды пайдалы өткіземіз. Мен өзім қобызда ойнауды үйреніп жүрмін. Сондай-ақ, кітап оқимыз, түрлі үйірмелерге қатысамыз, ойын ойнаймыз. Осындағы орта бізге өзімізге сенімді болуға көмектеседі, – дейді Лена есімді тағы бір тәрбиеленуші.

Бұл сапар – балалар үшін ерекше күндердің бірі болды. Мемлекет пен қоғамның қамқорлығын сезіну, өздеріне деген сенімнің бар екенін ұғыну – әр балаға рухани күш береді. Отбасылық үлгідегі Балалар ауылы – тағдыр тәлкегіне түскен балаларға тек баспана ғана емес, жылулық пен үміт сыйлайтын шынайы өмір мектебі. Ал билік өкілдерінің мұндай кездесулері сол үмітті одан әрі нығайта түсетіні анық.


Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу