Кел, төрлет, арғымақ жыл Алашыма...
Міне, ә дегенше, Жылан жылыстап, есігімізден арқырап, Арғымақ жылы кіріп келмек. Жылқы мен қазақ ежелден бір-бірінен ажырамас егіз ұғым. Қазақты жылқысыз, жылқыны қазақсыз елестете де алмайсыз. Түркілер жер-жаһанда ең алғашқы болып сайын даланың тағы тұлпарларын тізгіндесе, сол тұлпарлар сан ғасырлар сапында, күні бүгінге дейін түркі тілдес халықтарға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Сондықтан да қазақ жылқыны жеті қазынаның бірі санаған, жауға шапсам айбарым, астымдағы пырағым, қысылғанда құтқаратын, қуғанда жететін қанатым деп білген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жыл он екі айға болжам жасайтын Шығыс елдерінің жұлдыз жорамалында жылқы ең жақсы жылдардың бірі болмақ. Бұл жылға үміт артқандардың сенімі әлбетте ақталады делінген.
Жұлдызшылардың айтуынша, жыл иесі жылқы – қиындыққа төзімді, күш-қуаты мол, еңбекқор, еркіндікті сүйетін жануар. Жұлдыздар шоғыры жыл бойы адал еңбек еткендердің жолы болатынын меңзейді. Бұл жылы адамдардың көпшілігі табысқа жету жолында тынымсыз еңбек етеді. Шығыс жұлдызшылары адамдар жомарт жылдың несібесін молынан көреді деп отыр. Дегенмен, бұл тек болжам ғана. Бәрі өз қолдарыңызда екенін де ұмытпайық.
ЗАЙСАН МЕН КАТОНҚАРАҒАЙДА ӘУЕЖАЙЛАР ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Ал біз газетіміздің алғашқы Жылашар санында осы жылда Шығыста іске асырылатын ауқымды жобаларға тоқталуды, Жылқы жылы қандай жаңалықтарымен оқырмандарды қуантпақ екендігіне тоқталдық.
2026 жылы аймақта екі бірдей халықаралық әуежай іске қосылады. Оның бірі – Қытаймен шекарадағы Зайсан ауданында, ал екіншісі, тұмса табиғатымен көз арбаған Катонқарағай ауданында жоғары қарқынмен салынып жатыр.
Облыстық туризм басқармасының деректеріне сүйенсек, бүгінде Зайсандағы әуежай құрылысы 66%-ға, ал Қатонқарағайдағы әуежай 55%-ға аяқталған. Құрылыс барысында ұшу-қону жолағы мен рулеждік жолақтар салынған. Бұдан бөлек, тиісті жабдықтарды сатып алу және орнату жұмысы жүргізіліп жатыр.
Айта кетсек, екі әуежай үшін карьерлік орталықтар арқылы мамандар даярлануда. Бүгінде Өскемен әуежайының базасында 45 адам оқып жатыр. Олардың қатарында тексеру инспекторы, қауіпсіздік бөлімінің инспекторы, жолаушыларды тіркеу және отырғызу жөніндегі агент, әуе кемелеріне қызмет көрсететін жүргізуші, электрмонтер бар. Жалпы 114 адам кәсіби біліктілігін көтеруді жоспарлап отыр.
Бұған қоса Ұлан ауданының Саратов ауылындағы Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжінде де «Әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Әуе тасымалын ұйымдастыру» мамандықтары бойынша аталған аудандардан студенттер оқып жатыр. Олар Өскемен мен Зайсан қалаларында тәжірибеден өтеді.
Сондықтан, «Ат – ердің қанаты» деп кең далада тұлпар мініп, тасырлатып жүрген жерлестеріміз, жаңа жылда күміс қанат әуе пырағымен де аспан астында қырандай қалықтамақ.
ЕРТІСТЕ ЖАҢА КӨПІР САЛЫНАДЫ
Жылқы жылы Өскемен шаһарының және облыстың жол-көлік инфрақұрылымында да айтулы әрі маңызды жобалар бастау алады.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, былтыр далалық зерттеулер аяқталып, көпір нұсқаларын әзірлеу басталған. Жаңа көпір Меновное ауылынан басталып, Ертістің екі жағалауын байланыстырып, көлік қозғалысын айтарлықтай жеңілдетеді.
Алдын ала бағамдаулар бойынша көпірдің ұзындығы – 834, екі жағындағы жолдарды есептегенде жиыны 1181 метр болмақ. Жолдар алты жолақтан құралып, әрқайсысы 3,5 метрді құрайды. Көпір Меновное ауылындағы Ярославский көшесі мен Алматы тасжолының қиылысынан басталып, қала ішіндегі Серікбаев пен Карбышев көшелерінің тоғысқан тұсында аяқталады.
Жоба құны шамамен – 115 млрд теңге. Құрылысты жүзеге асыруға қытайлық Loungian Road and Bridge Co. Ltd. компаниясымен меморандумға қол қойылған.
Сонымен қатар облыс басшылығымен Өскемендегі Үлбі өзенінде де құлап қалған бұрынғы Шнайдер көпірінің орнына жаңа көпір салу туралы шешім қабылданды. Облыс орталығын Алтай ауданымен жалғап, жолаушылар үшін осыған дейін қауіпті учаске болып келген Осинов асуын айналып өтетін тау ішіндегі жолдың қызығын да жерлестеріміз биыл көрмекші.
Мұнымен бірге облыстық, аудандық маңыздағы қаншама шақырым жолдар жөндеуден өтіп, көпірлер жаңартылмақ. Мұның барлығы да бірінші кезекте өңір халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған қадамдар екені анық.
ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ҮШІН ТАЛАПҚА САЙ ҚОНАҚ ҮЙ ҚАЖЕТ
Кенді Алтай – Қазақстанның мойнына тағылған алтын алқасы екеніне ешкімнің де дауы жоқ. Сол тамаша табиғатқа туристер тарту үшін оларға қолайлы жағдай да керек.
Өндірісті қала Өскеменде жыл он-екі ай туризмді дамытуға әлеует жеткілікті. Жаз мезгілінде ресми жағажайлар мен танымал демалыс аймақтары жұмыс істесе, қыс маусымында тұрғындар мен туристер арасында үлкен сұранысқа ие мұз айдындары мен тау шаңғысы базалары туристерге есігін айқара ашады.
Өткен жылы қаланы 108 мың адам аралап, тамашалаған екен. Сол мақсатта Өскеменді жарып ағатын Ертістің жағасында «Төрт жұлдызды» заманауи, аспанмен астасқан 22 қабаттық «Hilton» қонақ үйі Ертіс көпірі маңындағы айналма жол торабында орналасып, қаладағы ең биік ғимаратқа айналмақ
Осыған орай, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғындармен кездесу барысында Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовке облыстық туризм басқармасының басшысы Ержан Сембиновпен бірлесіп, инвесторларды тарту және 4 және 5 жұлдызды санаттағы ірі қонақ үйлерді қоса алғанда, қонақ үй салу жобаларын бастауды күшейтуді, атқарылған жұмыс туралы тоқсан сайын ақпарат беруді тапсырған болатын.
ГЕМАТОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫ СӘУІРДЕ АШЫЛАДЫ
Облыс аумағында денсаулық сақтау саласында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, құрылысы біразға созылған Өскемен қаласындағы Гематология орталығы 90 пайызға аяқталған. Сонымен қатар Ахмер кентінде (85%) және Зайсан ауданының Қаратал ауылында (80%) дәрігерлік амбулаториялар салынып жатыр. Онкология және хирургия орталығының хирургиялық корпусын жаңғырту жұмыстары 80 пайызға, Ана мен бала орталығының перзентхана ғимаратын қайта жаңарту 70 пайызға орындалған. Аталмыш құрылыстар, босағадан енді аттаған Жылқы жылында аймақ тұрғындарының игілігі үшін есіктерін айқара ашпақ.
Оның айтуынша, мерзімдер қымбат медициналық жабдықтарды іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізу қажеттілігі ескеріле отырып белгіленген.
ӨСКЕМЕНДІКТЕР ЖАҢА ВОКЗАЛДЫҢ ИГІЛІГІН КӨРЕДІ
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ еліміздің барлық өңірлерінде теміржол вокзалдарын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын іске асыруда. Бағдарлама аясында «Өскемен – 1» станциясының вокзалы да жаңғыртылуда.
Жаңартылған нысан екі қабатты болады және барлық жолаушыларға — соның ішінде балалармен жүрген ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы жағдай жасалмақ. Бас мердігер – өскемендік «Промтехмонтаж» ЖШС.
Өскемендіктер вокзалдың жаңартылуын оң бағалап, жаңа нысан бұрынғыдан да жайлы әрі заманауи боларына сенімді.
ҚАРА ШАҢЫРАҚ DIDAR ГАЗЕТІНЕ – 95 ЖЫЛ
Қамбар ата түлігінің жылында Шығыстағы қаламгерлердің қара шаңырағы – Didar газетінің алғашқы санының жарық көргеніне тура 95 жыл толмақ. 1931 жылдың 24 қазанында кенді Алтайдың қара орман оқырманына жол тартқан басылым содан бергі ғасырға жуық тарихында тоқтаусыз өлке тарихының жылнамасын жасап келеді. Төл газетімізге «Тоқсан бесің құтты болғай! Туың жығылмай, ақпарат айдынында жүзден асып, жасай бер!» деген тілегімізді білдіреміз. Келе жатқан ортақ тойымыз құтты болсын, Didar-дың оқырмандары.
ТҰЛПАРЛАР ДҮБІРІМЕН ЖЕТКЕН ТӘУЕЛСІЗДІК
Алтайдан – Атырауға дейін созылған, ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын ұшы-қиырсыз кең даланы кешегі баһадүр батыр бабаларымыз етігімен су кеше, тұлпарлары ауыздық су іше жүріп қорғап қалған жоқ па? Қанқұйлы шайқастарға тұлпар мініп, ту алып шығып, бүгінгі тәуелсіздігімізді біздерге тарту етпеді ме батырлар. Сондықтан ел тәуелсіздігі жолындағы ұлы күресте батырлар мен олардың тұлпарларының есімдері қатар аталуы заңдылық. Бүгінгі Тәуелсіздік тұлпарлардың дүбірімен жеткенін әсте ұмытпайық. Биыл Қамбар ата түлігі жылында ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелейді екенбіз. Бұл да бекерден бекер емес шығар, сірә!
Есігімізден енген Жылқы жылында аймағымызда осындай айшықты шаруалар мен мерейтойлық даталар күтіп тұрған жайы бар. Біз бәрін емес, басты деген біразын ғана термеледік. Олай болса, іске сәт!
Кел, төрлет, арғымақ жыл Алашыма,
Арқырап, қазақтың кең даласына,
Тойы мен табысы мол құтты жыл бол,
Бақыт сыйлап, қазақтың әр баласына!, – деп басталатын өлең жолдары да еріксіз ойға оралып тұрғандай...
Жаңа жыл – Жылқы жылы құтты болсын!