Глубокое ауданындағы қарттар үйіне автобус тарту етіледі – ШҚО
Жаңа жылдың жарқын лебі мен ізгі тілектер Глубокое ауданындағы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын да шуағына бөледі. Өмірдің талай белесін артқа тастаған қарт жандар үшін бұл күн ерекше жылылыққа, мейірім мен қамқорлыққа толы мерекеге айналды. Жалғызбасты қарияларға арнайы жаңажылдық кеш ұйымдастырылып, оларға қоғамның шынайы ықыласы мен құрметі көрсетілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған орталықта егде жастағы адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Мұнда қазіргі уақытта 120 адам тұрады. Қызмет алушыларға тәулік бойы күтім жасалып, медициналық бақылау тұрақты түрде жүргізіледі, әлеуметтік және оңалту қызметтері ұсынылады. Қарттардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруі үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Қазыналы қарттарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтай келген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ізгі тілегін жолдап, қариялардың тұрмыс-тіршілігімен, денсаулық жағдайымен танысты. Сонымен қатар, әлеуметтік мекеменің жұмысымен жан-жақты танысып, көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасына назар аударды.
Кездесу кезінде қарттар өңір басшысына өз ұсыныс-тілектерін де жеткізді. Олардың айтуынша, орталықта инватакси қызметі бар болғанымен, қаладағы мәдени орындарға бару кезінде адам санының көптігіне байланысты қолайсыздықтар туындайтынын жеткізіп, осыған орай шағын автобус бөлуді сұрады.
Өз кезегінде облыс әкімі қарттардың сөзін жерге тастамай, мәселенің оң шешімін табатынын бірден жеткізді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы қарттарды жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
Мерекелік кездесу аясында әлеуметтік орталыққа тұрғындардың игілігі үшін пайдаланылатын бағалы сыйлықтар табысталды. Ал, қарттар үйінің тұрғыны Тұрсын Құсанова көрсетіліп жатқан қамқорлыққа ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Өскемен арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік мекемелердің бірі.
Қуаныш Рахметоллаұлы
Фото: Артем Жигулин
Видео: Жәнібек Ырысбай











