KZ
Өскемен
-29°
переменная облачность жел 1 м/с, СШ
510.43 594.86 6.49

Мерейтойлы жылқы жылы

13.01.2026, 09:00 90 Айдос Мырзахметов

2026 жыл – ел руханиятының кеңістігінде айрықша, тарихи жад пен көркем ойды қайта оятар мерейтойларға толы тағдырлы кезең. Бұл жыл – ұлттың сөзін сөйлеп, үнін асқақтатқан алыптардың, елдік мұрат жолына өмірін арнаған қайраткерлердің, өнер мен ғылымда өшпес із қалдырған тұлғалардың жылы. Уақыт таразысындағы әрбір дата бір ұлы істің басына, ал әрбір ғұмыр тұтас бір дәуірдің бейнесіне айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

9 ақпан – қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл. Алып жүректен шыққан шындықты, адам жанының нәзік иірімдерінің көркем айнасын жырлаған Мұқағали әр ұрпақтың, әсіресе жастардың жүрегінен орын тапты. 

28 ақпанда Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы аталып өтеді. Сүйінбай Аронұлының батасын алған тұлға, ұстаз аманатын адал атқарып, сөз сайысында талай жүйрікті мойындатты. 1846 жылы дүниеге келіп, ХІХ ғасырдың соңын, ХХ ғасырдың аласапыран кезеңдерін бастан өткерді. Ол патшалық Ресейдің отаршыл саясатын да, төңкеріс пен кеңестік кезеңді де, соғыс жылдарының ауыртпалығын да көрді. Жамбыл Жабаевтың мерейтойы халық поэзиясының, ұлттық сөз өнерінің салтанаты болмақ.

5 наурызда ұлт азаттығының символына айналған Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толады. Қазақтың саяси ой-санасын жаңа деңгейге көтерген, ел тағдырын тарихтың үлкен сахнасына шығарған кемел тұлға заманында жоғары білім алып, экономика, статистика, тарих, этнография салаларында терең ізденіс жасаған әмбебап қайраткер болды. Әлиханды тарих сахнасына шығарған басты қасиеті халқы үшін жауапкершілік ала білген саяси ерлігі еді. Ол қазақты тек этникалық қауым емес, дербес ел, өз жері мен өз тағдыры бар ұлт ретінде танытуды мақсат тұтты. 

13 наурызда 60 жылдығы еске алынатын Қайрат Рысқұлбеков – тәуелсіздік жолында жан қиған ерліктің мәңгілік бейнесі болып қала бермек. 

7 сәуір – қазақтың қайсар рухын әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл. Мерейлі дата қазақ халқының спорттық тарихына, рухани болмысына тағзым ететін маңызды күн болмақ.

29 сәуірде композитор, академик Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толады. Оның әуендері мен ғылыми мұрасы қазақ музыкасының мәңгілік қазынасына айналды. Ол алғашқы музыкалық оқу орындарының ашылуына ұйытқы болып, қазақ жастарының кәсіби композитор, дирижер, орындаушы ретінде қалыптасуына жол ашты. Ұлттық аспаптар оркестрін ұйымдастырып, домбыра мен қобыздың, сыбызғының үні үлкен сахналарда асқақтауына мүмкіндік берді.

5 мамырда Фатима Балғаеваның 100 жылдығы аталып өтеді. Қобызшы, музыкалық педагог, ҚазССР халық әртісі Фатима Балғаева ХХ ғасырдың күрделі де жауапты кезеңінде өмір сүріп, қоғамның рухани жаңғыруына үлес қосқан азаматтардың қатарында болды. Ол ұлттық мәдениет пен өнер саласында қажырлы еңбек етіп, сол дәуірдің рухани тынысын қалыптастыруға атсалысты.

28 тамызда мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Мәдениет министрі, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл. ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ мәдениеті мен тарихының ең күрделі кезеңдерінде еңбектенген тұлға кеңестік жүйенің идеологиясы үстем шақта ұлттық құндылықтарды ашық қорғап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге ұмтылған сирек тұлғалардың бірі болды.

2 қазанда қазақ киносының классигі Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толады. Режиссер фильмдері бір буынның ғана емес, бірнеше ұрпақтың рухани тәрбиесіне айналған көркем шежіре. 

15 қазанда қазақ прозасының көрнекті өкілі, қоғам өмірін терең талдаған суреткер Сайын Мұратбековтің 90 жылдығы. Қазақ прозасына қарапайым адамның терең тағдырын әкелген суреткер. Оның шығармалары – қазіргі ұрпақ үшін де рухани азық, адамгершілік пен ұлттық құндылықты бағалауға үйрететін өнеге. Суреткердің сөздері мен образдары уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, қазақ прозасының алтын қорына айналып отыр.

2 қараша – қазақ ағартушылығының негізін қалаушы, ұлттық білім мен тәрбие ісінің көрнекті ұстазы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл. Оның «кел, балалар, оқылық» өлеңі әлі күнге дейін қазақ даласында жаңғырып тұр. Ол халықтың білімге деген мұқтажын түсініп, ауыл балаларын оқыту, оқу орындарын ұйымдастыру арқылы жаңа дәуірдің есігін ашты.

Сонымен қатар, биыл қазақ поэзиясының көрнекті ақыны, ұлттық сөз өнерін жаңғыртушы Бәкір Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. 

Бұл мерейтойлардың барлығы биыл бір жылға тоғысып, Қазақстанның тәуелсіздігіне 35 жыл толуымен ерекше мәнге ие. Тәуелсіздік – осы алыптардың арманы, күресі, еңбегі арқылы келген қасиетті құндылық екенін ерекше атап өту маңызды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу