Аязды күндері Марқакөлде қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Аязға байланысты су айдындарындағы қауіпсіздікті сақтау талаптары күшейтілді. Мұз қалыңдығының құбылуы оқыс оқиғалардың туындауына себеп болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осы мақсатта Марқакөл ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында рейд ұйымдастырылды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері мемлекеттік табиғи қорық инспекторларымен бірлесіп Марқакөл көлінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Рейд барысында көл маңында және мұз үстінде жүрген тұрғындармен профилактикалық әңгіме өткізілді. Мамандар су айдындарында қауіпсіз жүріп-тұру ережелерін түсіндіріп, қауіпсіздік талаптарын сақтамау төтенше жағдайларға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Құтқару қызметі өкілдері тұрғындарды аязды күндері барынша сақ болуға, мұздың беріктігіне көз жеткізбей су айдындарына шықпауға және өз өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.



