Зейнетақы жинағындағы қаражатпен ипотекалық пайызды өтеуге тыйым салынды
31 қаңтардан бастап зейнетақы жинақтарын ипотеканың тек негізгі қарызын өтеуге қолдануға рұқсат берілмек. Яғни, пайызды қордың емес, өзіңіздің қолыңыздағы қаражаттан төлеу қажет. Өзгеріс, өтініш беру тәртібіне де енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану ережелеріне өзгерістер Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 13 қаңтардағы бұйрығымен енгізілді. Бұрын жинақтарды ипотека бойынша қарыздың бөлігін немесе толық өтемақысын төлеуге қолдануға болатын. Жаңа ережеде тек негізгі қарызды өтеуге ғана рұқсат берілген.
Өтініш беру тәртібінде де өзгеріс бар. Арнайы шот ашқаннан кейін электронды өтініш толтырылады, онда шот нөмірі, мақсат пен қолжетімді сома көрсетіледі. Өтініш электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) расталады. Бұрынғыдай жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару тәсілін көрсету талап етілмейді.
Сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс жинақтары келісіміндегі құқықтарды тек жұбайлар мен жақын туыстарға беру мүмкіндігі қарастырылған, үшінші тұлғаларға өткізуге болмайды.
Егер құжаттар жеткізілмесе, қаражат БЖЗҚ -ға қайта аударылады. Қате аударылған жағдайда, уәкілетті оператор үш жұмыс күні ішінде БЖЗҚ –ға өтініш жібереді, ал қор бес жұмыс күні ішінде қаражатты қайтарып беруге тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш бұйрық 2026 жылдың 31 қаңтарынан кейін күшіне енеді. Ал жеке табыс салығын ұстамау нормасы 2026 жылдың 1-қаңтарынан қолданысқа енген.