KZ
Өскемен
-5°
небольшой снег жел 4 м/с, ОШ
503.35 590.63 6.62

Конституция преамбуласын жаңарту – ұлттық болмысты айқындайтын маңызды қадам

24.01.2026, 16:00 171 Базарова Айгүл

Конституциялық реформа аясында Қазақстан Республикасының Конституциясы преамбуласын жаңғырту мәселесін Парламент Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Үнзила Шапақ көтеріп, бүгінгі комиссия отырысында кеңінен тарқатты, деп хабарлайды Altainews.kz.

Депутаттың айтуынша, преамбулаға енгізілетін өзгерістерді жай ғана редакциялық түзету ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – мемлекеттің идеялық бағытын айқындайтын, ұлттық мемлекеттілікті нығайтатын маңызды қадам.

– Мемлекет басшысы да преамбулада ұлттық құндылықтарды негізге алу қажеттігін нақты атап өтті. Қазақ даласынан бастау алатын өркениет пен мемлекеттілік дәстүрінің сабақтастығын айқын көрсету, Қазақстанның Ұлы даладағы тарихи мемлекеттердің мұрагері екенін нақты бейнелеу маңызды екеніне ерекше мән берді. Сондықтан Конституциялық реформа аясында келіп түскен барлық ұсыныстарға үстірт емес, байыппен, терең көзқараспен қарау – ортақ міндетіміз, – деді Комиссия мүшесі.

Конституцияның преамбуласы – Негізгі заңның идеялық әрі моральдық іргетасы. Ол Конституцияны қабылдаудағы түпкі мақсаттарды айқындап, елдің тарихи-мәдени болмысын, ұлттық келбетін танытады.

Осы орайда Үнзила Шапақ жаңартылатын преамбулада көрініс табуға тиіс негізгі бағыттарға тоқталды.

– Ендігі біз ұсынатын преамбула мәтінінде бірнеше іргелі бағыт айқын көрініс табуға тиіс. Ең әуелі, Қазақстан өзін біртұтас ұлт ретінде танытуы қажет. Бұл – ұлттық бірегейлікті күшейтетін, барша қазақстандықты ортақ мақсат пен жауапкершілікке ұйыстыратын басты ұстаным. Преамбулада мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастықты сақтау мәселесіне ерекше мән берілуге тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл қағидаттар ел егемендігін нығайтатын шешуші факторлар болып саналады, – деді депутат.

Сонымен қатар ол «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидатын Конституция преамбуласы деңгейінде бекіту мемлекет пен қоғам дамуының жаңа философиясын айқындайтынын атап өтті.

– Бүгін біз Конституция туралы айтқанда тек билік пен құқықтық нормаларды ғана емес, ұлттың болашақ алдындағы жауапкершілігін де ойлауымыз керек. Сондықтан табиғатты аялау, экологиямызды сақтау идеясы Конституцияда қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылығы ретінде көрініс табуға тиіс. Мәдениет, Әділетті Қазақстанның Конституциялық негізі мемлекеттілік – тек заңдар мен институттар арқылы ғана емес, ұлттық рух пен мәдениет арқылы орнығады. Сондықтан мәдениеттің және рухани құндылықтардың рөлі Конституцияда айқын көрініс табуға тиіс. Дәл осы мәдени негіз халықты біртұтас ұлтқа айналдырып, қоғамдық бірлікті нығайтады. Мәдениетті Конституциялық деңгейде бекіту арқылы біз Әділетті Қазақстанның тек құқықтық емес, өркениетті мемлекет екенін нақтылаймыз. Сонымен бірге мәдениет пен өнерге, ғылым мен білімге, инновацияға, табиғатты аялауға, бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікке мән берілуі Конституцияны тек құқықтық емес, өркениеттік құжат деңгейіне көтереді. Бұл – мемлекет пен халық арасындағы жария қоғамдық келісімнің айқын көрінісі, – деді Үнзила Шапақ.




Фото: Конституциялық сот 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу