Өскеменде алғаш рет халықаралық кәсіпқой бокс кеші өтеді
Өскемендіктер мен қала қонақтары алдағы демалыс күндерінде STEPPE BOXING 1 аясында өтетін ауқымды бокс кешін тамашалай алады. Облыс орталығында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық деңгейдегі кәсіпқой боксшылардың кездесуі Жекпе-жек сарайында өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл туралы бүгін кешке шаһардағы ірі сауда-ойын-сауық орталығында өткен баспасөз мәслихаты мен face to face рәсімінде мәлім етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бокс кешінің басты жекпе-жегі қазақстандық боксшы Мұхит Амантаев пен Қырғызстан өкілі Марат Ишеналыұлының арасында өтпек.
Сонымен қатар, көрермендер кәсіпқой былғары қолғап шеберлері Ерзат Сақабанов пен Ерсұлтан Жараспек арасындағы тартысты жекпе-жекті тамашалайды.
Бұдан бөлек, бұған дейін шаршы алаңда жолдары түйіскен Бек Олегович пен Ільяс Оразхан арасында көптен күткен реванш өтеді. Жанкүйерлер алдында бетпе-бет жүздескен екі спортшы да ертеңгі жекпе-жекте бар күш-жігерін салатындарын және екінші мүмкіндікте еш аянып қалмайтындарын жария етті.
Сондай-ақ, кәсіпқой бокста әзірге бірде-бір жеңіліс көрмеген Сапарбай Айдаровтың өнері де кештің co-main event жекпе-жегі аясында көрермен назарына ұсынылады.
Сондай-ақ, бокс кешінде титулдық жекпе-жек ұйымдастырылып, UBO әлем чемпионының белбеуі сарапқа салынады. Бұл кездесудегі жеңістің құны — әлемдік титул.
Видео: Евгений Щетников
Фото: Жібек Нұрахмет





