Қысқы Олимпиаданың басталуына бір апта қалды
2026 жылғы Қысқы Олимпия ойындарының ашылуына санаулы күндер қалды. Дүбірлі дода 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан – Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Төрт жылдықтың басты спорттық бәсекесінде Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы спорттың 10 дисциплинасы бойынша ел намысын қорғайды. Жалпы саны 36 спортшы Олимпия ойындарына қатысады. Оның 18-і ерлер, 18-і әйелдер құрамасының мүшелері, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық құраманың орташа жасы – 25 жас. Командадағы ең жас спортшы – фристайл-акробатикадан сынға түсетін 16 жастағы Асан Асылхан. Ал ең тәжірибелі әрі жасы үлкен спортшы – шорт-тректен ел намысын қорғайтын 33 жастағы Абзал Ажғалиев.
Құрама сапындағы тәжірибелі спортшылардың бірі – жерлесіміз, фристайл-могулдан сынға түсетін Юлия Галышева. Ол 2018 жылғы Қысқы Олимпия ойындарының қола жүлдегері, сондай-ақ 2010, 2014, 2018 және 2022 жылдардағы Олимпиада ойындарының қатысушысы.
Қазақстан құрамасының туын фристайл-могулшы Аяулым Әмренова мен шорт-трекші Денис Никиша алып шығады.
Айта кетейік, Милан – Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін Қысқы Олимпия ойындарына әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.