Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығына 40,7 млрд теңге инвестиция салынды
2025 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнімі 554,6 млрд теңгеге жетіп, 21 пайызға артты. Мал және өсімдік шаруашылықтарында нақты нәтижелерге қол жеткізіліп, 40 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекова мәлім етті.
Оның айтуынша, АӨК өнімінің жалпы көлемі 554,6 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 21%-ға өскен. Өсімнің нақты үлесін мал шаруашылығы саласы қамтамасыз етіп отыр. Негізгі капиталғаа салынған инвестиция көлемі де артып, 40,7 млрд теңгені құрады. Қаражат өндірісті жаңғыртуға, техниканы жаңартуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Өңдеу саласы да қарқынды нәтижесімен қуантуда. Облыста азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі шамамен 10%-ға өсіп, 285,1 млрд теңгені құрап отыр. Ет өнімдері, жарма, балық, ірімшік пен сары май өндірісі айтарлықтай ұлғайды.
Өсімдік шаруашылығында да мемлекеттік қолдаудың нәтижесі байқалады. Егіс алқаптарының 20%-на элиталық тұқым себілсе, қолданылған тыңайтқыш көлемі 61 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен.
Аймақта smart-технологиялар мен цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырып, саланың тұрақты дамуына негіз бола алмақ.
Айта кетсек, бүгінде өңірдің агроөнеркәсіп кешені шикізаттық бағыттан өңдеуге және технологиялық өндіріс моделіне кезең-кезеңімен көшуде. Бұл ауылдық аумақтардың ұзақ мерзімді дамуының басты кепілі.


