Заң, бақылау және жауапкершілік: денсаулық сақтау саласын дамытудың жаңа қағидалары айқындалды
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен медициналық білім беру және жеке секторды реттеу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында денсаулық сақтау саласының ресурстарды ұлғайту кезеңінен заңдылықты сақтау, қаржылық тәртіп пен медициналық көмектің сапасын қатаң бақылауға негізделген институционалдық нығайту кезеңіне өтіп жатқаны атап өтілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талқылауға ҚР ДСМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Надежда Петухова, Ұлттық нейрохирургия орталығының Басқарма төрағасы, академик Серік Ақшолақов, ҚР ҰҒА академигі Вячеслав Локшин, профессор Мақсұт Құлжанов, сондай-ақ сараптамалық қауымдастық, «Атамекен» ҰКП, UMC ҚҚ, мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдардың басшылары қатысты.
Отырыс барысында соңғы жылдары денсаулық сақтау саласын қаржыландыру айтарлықтай артқаны, соның нәтижесінде халықтың өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетіп, жалпы өлім-жітім 2%-ға, нәресте өлімі 16,5%-ға төмендегені айтылды. Сонымен бірге, бақылаусыз қаржыландыру теріс пайдалануларға әкелуі мүмкін екені ескертілді.
Министр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жаңа даму кезеңіне өтіп, бірыңғай бақылау мен жауапкершілік архитектурасын талап ететінін атап өтті. Қаржылық ресурстардың мақсатты пайдаланылуы және медициналық қызмет көрсетудің әрбір қатысушысының жеке жауапкершілігі негізгі қағидат ретінде белгіленді.
2026-2028 жылдарға арналған медициналық көмектің сапасын басқаруды жетілдіру жөніндегі кешенді жоспар аясында лицензиялау мен аккредиттеу тетіктерін жетілдіру, медициналық ақпараттық жүйелерді Ұлттық электрондық денсаулық паспортымен міндетті интеграциялау мәселелері қаралды.
Сондай-ақ 2024-2025 жылдары Денсаулық сақтау министрлігінің жүйелі қаржылық және цифрлық бақылауға көшкені айтылды. Тексеру нәтижесінде 2025 жылы 400-ге жуық медициналық ұйымның қызметі тоқтатылып, 500-ден астам әкімшілік шара қолданылған.
Цифрлық бақылау құралдарын енгізу арқылы 1 950 медициналық ұйым қамтылып, қабылдаулардың шамамен 47%-ы Face ID және электрондық құжаттар арқылы жүргізілді. Бұл 10,6 млрд теңге көлеміндегі негізсіз қызмет көрсетудің алдын алуға мүмкіндік берді.
Қорытындысында қатысушылар қабылданып жатқан шаралар денсаулық сақтау жүйесінде тәртіпті күшейтіп, МӘМС қаражатын пайдаланудың ашықтығын арттыратынын және азаматтардың жүйеге деген сенімін нығайтетінін атап өтті. Ведомство басшысы «Заң және тәртіп» қағидаты әлеуметтік саланың тұрақты дамуының негізгі шарты екенін түйіндеді.