Жыл қорытындысы: Қазақстан заманауи онкологиялық көмек көрсететін 25 көшбасшы елдің қатарына енді
Денсаулық сақтау министрлігінде қоғам қайраткері, дәрігер-педиатр Надежда Петухованың төрағалығымен Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында 2025 жылдың негізгі қорытындылары шығарылып, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі басым бағыттары айқындалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр Ақмарал Әлназарованың айтуынша, 2025 жыл денсаулық сақтау жүйесі үшін сапалы нығаю мен терең жаңғырту кезеңі болды.
Министрдің мәліметінше, 2025 жылы денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 2019 жылмен салыстырғанда шамамен үш есеге өсіп, 3 трлн теңгеге жетті. Оның 40 пайыздан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тиесілі. Бұл медициналық көмектің көлемін кеңейтіп, инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік берді.
2025 жылы республикалық маңызы бар үш ірі нысан пайдалануға берілді. Олар – Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығы, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы, сондай-ақ Алматыдағы Ұлттық инфекциялық аурулар орталығы.
Жаңа тарифтік саясат медициналық ұйымдардың нақты шығындарын өтеуге, кадрларды сақтап қалуға және ең бастысы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Министрдің айтуынша, протондық орталықтың іске қосылуы Қазақстанды жоғары технологиялық онкологиялық көмек көрсететін әлемнің 25 көшбасшы елінің қатарына енгізді. Енді бұрын шетелде ғана қолжетімді болған қызметтер ел ішінде көрсетіле бастады.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында үнемделген қаражат қайтадан жүйенің өзіне бағытталып, жаңадан анықталған пациенттерді қосымша дәрілік заттармен қамтуға жұмсалуда.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен медицина қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқару кезіндегі құқықтық қорғалуын күшейтетін заң Парламент тарапынан мақұлданды.
Медицина қызметкерлерін жүйелі қолдау Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік саясатындағы басты басымдықтардың бірі болып қала береді.
Отырыстың қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелеріне денсаулық сақтауды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы және медициналық көмектің сапасын басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары таныстырылды.