KZ
Өскемен
-1°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, З
502.57 591.68 6.42

Бабаларым тұлпар мініп, ту алған

29.12.2025, 14:30 94 Серік Құсанбаев

Күлдір-күлдір кісінеп, жылқы жылы келеді... Иә, кеше ғана төрткүл дүниені мекен етіп жатқан пешенелі пенде улап-шулап жылан жылын қарсы алып жатқан секілді еді. «Жыл дегенің – жылғадан аққан бұлақтай» деп атам қазақ айтқанындай жылан жылы да көзімізді ашып-жұмғанша өте шығыпты. Сонымен алдымызда, басқа-басқа, қазақ үшін ерекше қасиетті саналатын төрт түліктің төресі – жылқы жылы келе жатыр. Сондықтан Altainews.kz материалы қамбар ата төліне, оның қасиеті мен қазақ қоғамындағы алатын орнына арналады.

Заманында ұшы-қиыры жоқ сахараны оңды-солды сайрандап, жауласқан жауын жермен жексен ете ойрандап өткен қаһарман қазақтың, яғни, ата-бабаларымыздың айларға ұласып, жылдарға жалғасқан жорық жолдарын, ұлан байтақ даласына көз алартқан ата жауының бетін қайтарған ерен ерлігін, көз алдымызға жылқы малынсыз елестетіп көруге бола ма?

Жоқ, әрине! Жоғыңыз не, мүмкін емес. Елестетіп көргенді қойып, олай ойлаудың өзі күлкілі...

Қойнауындағы қисапсыз қазба байлығы мен рухани қазынасын, өзге елдерде жоқ ерекше салт-дәстүрі мен батырлық, ақындық, шешендік пен көсемдік секілді қарым-қабілетін айтпағанда, жер аумағының үлкендігі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын қазақ халқының бір мақтанышы – ұшы-қиыры жоқ ұлан-байтақ даласы. Қазақ осынау бабадан балаға мұра боп қалған байтақ даласының кеңдігін шақырымдап, шаршылап немесе басқа да бір есеп-қисап түрімен өлшемеген.

О ШЕТІ МЕН БҰ ШЕТІ, ҚҰС ҚАНАТЫН ТАЛДЫРҒАН

Негізінде, қазақтың бойына әуелден шешендік пен көсемдікті, батырлық пен ақындықты аямай-ақ бере салған ғой. Оған қазақ ауыз әдебиетіндегі кез келген жыр-дастандар мен эпостық жырлар, қилы-қилы оқиғаларға толы қиссалар мен толғауларды бір шолып шыққан адамның көзі әбден жетеді.

Сол шешен де көсем бабаларымыз жеріміздің кеңдігін:

– О шеті мен бұ шеті,

Атанның белін алдырған,

Қанатын құстың талдырған, – деп екі-ақ ауыз сөзбен түйе салған. Ал енді осы, кеңдігі мен көлемін айтып тауыса алмай отырған ұлан-байтақ даланы бізге кім берді? Бұл – бабалардан қалған баға жетпес, құндылығын тілмен де айтып жеткізу мүмкін емес тартуы.

Ал енді осынау баға жетпес тартуды айналамыздағы анталаған ата жаудан күн демей, түн демей шайқасып жүріп қорғап қалған кімдер? Әрине, батыр туған бабаларымыз. Олар бұл ұлан-байтақ даламызды жаяу-жалпылап жүріп қорғамағаны баршамызға аян. Сөздің шынына келер болсақ, бабаларымыз қанша жерден батыр болса да, мұндай ұшы-қиырсыз жерді жаяу-жалпы жүріп қорғап қала алмас еді. Сондықтан қазақ тарихынан, қазақтың сол кезеңдегі күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, жүріс-тұрысы мен басқа да қажеттіліктерінен жылқыны бөліп қарау мүлде мүмкін емес. Тіпті, белгілі бір тұрғыдан алғанда «Қазақ жылқы малына қарыздар!» десек те, артық айтқандық бола қоймас.

Содан да болар, қазақ баласы жылқы малына аса зор құрметпен, ерекше сүйіспеншілікпен, кейде тіпті жанашырлықпен де қарайды. Түркияда, сосын тағы да бір мұсылман мемлекеттерінде жылқының етін жемейді екен.

Солар біздің қазақ халқына: – Сендер жаугершілік замандарда ердің қанаты бола білген, алысты жақындатып, ауырды жеңілдете білген жылқы малын неге сойып жейсіңдер? – деп кеийтін көрінеді. Біріншіден, әр елдің салты басқа. Екіншіден төрт аяқтының бәрі тұлпар емес. Оның мініске жарайтыны мен жарамайтыны бар дегендей.

Сосын, біздің бабаларымыз жылқы етінің дәмділігі мен нәрлілігін айтпағанда, сүтінің дертке дауа, бойға қуат беретіндігін, өзге мал атаулыда жоқ жалы мен жаясының, қазы мен қартасының, басқа да мүшелерінің адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екендігіне дейін білген және етінің өзін ми қайнаған ыстық күннің өзінде тұздап, сүрлеп, баптап, тоңазытқышсыз-түксіз ұзақ уақытқа сақтай білген ғой.

Қазаққа қатысы бар аңыз-әфсаналар мен тарихи оқиғаларға көз жүгіртсек, жылқы туралы, оның адам секілді ақылдылығы мен лас (лай су, иістенген жем, қоқыстанып кеткен қора т.б.) дүниеге деген кірпияздығы, желмен жарысқан жүйріктігі мен су төгілмес жорғалығы жайлы айтылған жыр-дастандар да, толғау-қиссалар да өте көп. Қазақ халқының жылқы малына деген сүйіспеншілігі мен құрметі өзге халыққа қарағанда ерекше.

Егер қазақ жылқыны құрметтемесе, сонау жорық замандардағы Қабанбайдың Қубас атын, Исатайдың Ақбақайын, Темірланның Тарланбозын айтпағанның өзінде, бейбіт замандағы ел құрметіне бөленген Ақан сері, Біржан сал мен Кенендер бастаған небір сал-серілеріміз мініп жүрген сәйгүліктеріне Маңмаңгер, Құлагер, Майда қоңыр, Бозжорға, Көкшолақ, Сұлу жирен, Ерке жирен, Сұржекей деп ат қойып қана қоймай, ән-жырларына, күйлеріне қосар ма еді?!

ҰЛАН -БАЙТАҚ ДАЛАНЫ АМАНАТ ЕТІП ҚАЛДЫРҒАН

Сонау бір алағай да бұлағай, аласапыран замандардағы батырлар мен солардың таңдап мінген тұлпарларының жолы да, жөні де бөлек.

Айталық, қазақтың «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр» секілді лиро-эпостық жыр-дастандарында сөз болатын кез келген батырдың өзіне сай, тар жерде адам секілді көмектесе алатын, әлдебір қауіп-қатерлерден алдын ала сақтандыра білетін сенімді тұлпарлары болған. Батыр өзінің қанаты бола білген сенімді серігі – тұлпарымен оңашада сырласып, қуанышы мен мұңын да қатар бөлісе білген. Мысалы, «Алпамыс батыр» дастанында Байшұбар ат Алпамысқа лайықты тұлпар екендігін өзі білдірмеуші ме еді. Қысылтаяңда жанашыр-жәрдемші де болады. Алпамысты зынданнан да құтқарады. Алпамыстың жауы жіберген мыстан кемпір Байшұбарға мінбек болған сәттері дастанда:

– Қос аяқтап тебеді,

Сонда кемпір құлады,

Ұзынынан сұлады, – деп жырланады.

Одан бері қаншама жылдар өтті, жылдарыңыз не ғасырлар кеткен келмеске. Қазір заман да, заң да, қыл аяғы адамдар да өзгерген. Дегенмен, қаншама уақыт өтсе де, қазақтың жылқыға деген махаббатын, құрметі мен қошеметін ешкім алып қоя алған жоқ. Әсіресе, тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде түрлі-түрлі ат ойындары-спорты да қолға алынып, сан-алуан сайыстар ұйымдастырылуда. Айтулы ат жарыстарына еліміздің барлық өңірлерінен дерлік ат баптап қосушылардың саны жыл өткен сайын көбеймесе, азайған емес.

Ат жарысы демекші, қазақ атты бәйгеге қоспас бұрын оның желмен жарысқан жүйрік екендігін, бойындағы күш-қуатының қаншалықты зор екендігіне дейін сыншыларға көрсетіп, жүйрік болар жануарды мың жылқының арасынан құлын күнінен таңдай білген.

Ат сыншыларының айтуларына қарағанда, жүйрік ат жылқының ортасына кірмей үнемі саяқсып, үйірдің шетінде оқшауланып жүретін көрінеді. Жылқы жайылымы таулы жер болса, өр жағында тұрады екен. Егер жылқы маңдайына өз көлеңкесін түсірмей, таңертең күн шығысқа, кешкісін күн батысқа қарап жайылса, елеңдеп алысқа қарайтын болса, күн батар алдында күнбатысқа қарап (Күнмен қоштасқандай) селтиіп тұрар болса, бұл – жүйрік жылқының белгілері көрінеді.

Өте тәжірибелі жылқышылар жылқыны түгендеуге аса зерек болады дейді. Мысалы, ертеректе Есқара деген жылқышы екі мың бас жылқы табынын атпен бір шауып аралап шығып, түгендей алған. Тағы бір жылқышы құлын кезінде жоғалған малын жеті жыл өткен соң, біреудің мініп тұрған жерінен танып, сол жердегі билердің шешімімен жоғалған жылқысын өзіне қайтарып алған көрінеді.

Ертеректегі қазақтан шыққан ауқатты адамдардың көпшілігі аса сыйлы меймандарына немесе өздеріне арнап үнемі болмаса да ара-арасында құлын, тай, құнан, байтал секілді жас жылқыларды сойысқа жығып тұрады екен.

Бірде қол астындағы қолбасшылары ханға сойысқа деп құнан алып келсе керек. Белдеуге әкеп байлаған құнанды сол елде жүрген Әбілғазы деген сыншы байқап, әңгіменің төркінін түсінген соң, ханға және сол жерде жиналғандарға бұл құнаннан болашақта атақты жүйрік шығатындығына иландырыпты. Әбілғазы сыншы айтса-айтқандай, кейін сол құнан алдына қара салмас нағыз жүйрік болған көрінеді.

Біз қазақ – атқа қонса аруақтанып кететін өр рухты батыр елдің ұрпағымыз. Жаудан қайтып көрмеген жаужүрек бабаларымыз дұшпандардың көзқұртына айналған ұлан байтақ даламызды ақ найзаның ұшымен, тұлпарының тұяғымен қорғап қалғандығын ұмытпауымыз керек.

Ең бастысы – ХХІ ғасырда атқа мініп атой салмасақ та, асқақ рухымыздан айырылмайық!

Ал, дүниені дүбірлетіп келе жатқан жылқы жылы – Алаш даласына, күллі адамзат баласына жайлы жыл болсын!


Серік Құсанбаев

Фото: Egemen.kz



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу