2025 жылы қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді смартфон арқылы жиі ала бастады
2025 жылы Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді алу тәсілінде елеулі өзгерістер орын алды: азаматтар қызметтердің жартысынан астамын eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн форматта алды. Жыл басынан бері онлайн режимде 51,5 млн астам қызмет көрсетілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметтердің шамамен 90%-ы онлайн қолжетімді. eGov.kz порталының тіркелген пайдаланушыларының саны 15,1 млн адамнан асады, оның ішінде 610 мың адам ағымдағы жылы тіркелген. eGov Mobile қосымшасын 11,7 млн адам пайдаланады, ал ай сайынғы белсенді аудиториясы 6,4 млн, күн сайын 671 мыңнан астам пайдаланушы қосымшаны қолданады. 2025 жылы азаматтарға 220 цифрлық сервис қолжетімді болды.
Азаматтар ең көп пайдаланатын сервистер қатарында банктік қарыздар мен микрокредиттерден ерікті түрде бас тарту; соттылығының бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама; заңды тұлғаның тіркеу әрекеттері туралы анықтама бар.
2025 жылдың маусым айынан бастап «Заң және Тәртіп» сервисі енгізіліп, азаматтарға құқық бұзушылықтарды мобильді қосымшалар арқылы қоңыраусыз немесе жеке бармай-ақ хабарлауға мүмкіндік берді.
Тамыз айында eGov Mobile соңғы жылдардың ең ірі жаңартуын алды: іске қосылған eGov AI интеллектуалды іздеу жүйесі қызметтерді іздеуді жылдамдатып, жасанды интеллект технологияларына негізделген жаңа функционал ұсынады.
eGov.kz порталы арқылы 2025 жылы қазақстандықтар 25,7 млн астам қызмет алды. Ең танымал қызметтер қатарында: зейнетақы аударымдары туралы анықтама, емханаға тіркелу және Ф-6 нысаны (жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама) бар.
Сонымен қатар, биыл ақпараттық қауіпсіздікті арттыру жұмыстары күшейтілді. Қазан айынан бастап электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы авторизациядан кейін пайдаланушының жеке басы 1414 нөмірінен жіберілетін SMS-код арқылы расталады. Сондай-ақ логин мен пароль арқылы кіру мүмкіндігі де енгізілді: пайдаланушы ЖСН/БСН мен құпиясөзді енгізіп, жеке басын ЭЦҚ арқылы растайды. Бұл өзгерістер eGov.kz порталы мен оның компоненттері – eOtinish сервисі, Smart Bridge платформасы, «Ашық үкімет» порталына қолданылады.
Мобильді сервистердің кеңейтілуі мен цифрлық жаңартулар қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтерді қолайлы, жылдам және қауіпсіз түрде алуға мүмкіндік береді.

