KZ
Өскемен
-13°
туман жел 1 м/с, С
498.65 589.06 6.49

Көк байрағымыз Италияға жол тартты: Президент Қысқы Олимпиада және Паралимпиада құрамасына Мемлекеттік Туды тапсырды

23.01.2026, 17:30 584 Даурен Аллабергенұлы

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін 6-22 ақпан аралығында Милан және Кортина-д’Ампеццода өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындары мен XIV Қысқы Паралимпиадаға қатысатын ұлттық құрама мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Ел Президенті дүние жүзінің ең мықты спортшылары бақ сынайтын дүбірлі доданы айрықша маңызды оқиға деп атады. Биыл Олимпиада ойындарына он спорт түрінен 40-қа жуық спортшы қатысады. Олардың қатарында Шығыс Қазақстанның мықтылары да бар.

– Ұлттық құрама мүшелерінің жартысынан көбі Олимпиадаға алғаш рет бара жатыр. Жаһандық бәсеке сіздер үшін зор мүмкіндік әрі үлкен сынақ болмақ. Қысқы Олимпиадаға жолдама алу үшін спортшыларымыз көптеген белестен өтті. Түрлі халықаралық жарыста табысты өнер көрсетіп, 17 алтын, 31 күміс және 21 қола медальға ие болды. Сонымен бірге біз Паралимпиада ойындарында ел абыройын қорғайтын спортшыларымызға зор сенім артамыз. Паралимпиадашылардың ерекше құлшынысы және мықты ерік-жігері көпке үлгі. Наурыз айының басында Италияда өтетін Паралимпиада ойындарына әзірге 10 лицензия алдық. Лицензия саны әлі де көбеюі мүмкін, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы төрт жылда бір өтетін байрақты бәсекеге қазақстандық спортшылар тыңғылықты дайындалғанына тоқталып, Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында шын мықтылар күш сынасатынын айтты.

– Әрине, спортта жеңісті болжау мүмкін емес. Бірақ Сіздер қатаң іріктеулерден сүрінбей өтіп, Қазақстанның олимпиадалық құрамасына мүше болдыңыздар. Осының өзі, Сіздердің әлеуеттеріңізді, жеңіске деген ұмтылыстарыңызды танытады. Тәуелсіздік алған уақыттан бері спортшыларымыз Қысқы Олимпиада ойындарында шеберлік танытып, бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көріне білді. Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен, Юлия Галышева сияқты Олимпиада жүлдегерлерінің есімдері отандық спорт тарихына алтын әріптермен жазылды. Әлемдік спорттағы ірі ареналарда топ жарған отандық атлеттердің құрметіне талай рет Әнұран шырқалып, еліміздің Туы көкте желбіреді. Алдағы уақытта да жарқын жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін. Жақында Ұлттық құрылтай отырысында атап өткенімдей, спорттағы жетістіктер тұтас еліміздің мәртебесін көтеріп, жалпыұлттық бірлікті және Қазақстан Республикасының қазіргі әлемдегі беделін нығайтады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент намысты қолдан бермеген спортшыларымыз талай бәсекеде топ жарып, еліміздің мерейін асырып, нағыз жасампаз отаншылдықтың үлгісін көрсетіп жүргенін атап өтті.

– Әр азаматымыздың жетістігі – Қазақстанның жетістігі. Әр спортшының абыройы – барша қазақтың беделі. Жеңіске жету үшін талап пен табандылық керек. Сіздер шеберліктеріңізді шыңдап, аянбай еңбек еттіңіздер. Соның арқасында дүбірлі додаға қатысуға мүмкіндік алдыңыздар. Олимпиада чемпионы болу – әр спортшының арманы. Осы мақсатқа бір табан жақын тұрсыздар. «Ел сенімі – ерге жүк» дейді халқымыз. Баптарыңыз және бақтарыңыз қатар шауып, жүлдемен келесіздер деп сенемін. Барша халқымыз Сіздерге жанкүйер, тілекші болады. Бәріңізге сәттілік, жеңіс тілеймін! Көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әмреноваға және Қазақстан паралимпиадалық командасының мүшесі Ербол Хамитовқа табыстады. 

Айта кетейік, бұл үлкен мәртебеге ие болған фристайлшы Аяулым Әмренова Шығыс Қазақстан мақтанышы, Зайсан ауданының тумасы. Редакция оқырмандарымен қуанышымен бөліскен Аяулымның әкесі Серік Әміренов облыс тарихында қысқы Олимпиадаға көк байрақ сеніп тапсырылған алғашқы спортшы екенін ерекше мақтанышпен жеткізді.

– Бұл ата-ана, барша жерлестеріміз, спортшыларымыз үшін зор мәртебе. Аяулым үш жасынан бастап шаңғыға тұрды. Содан бері үздіксіз тер төгіп келеді. Өзіміз Зайсан ауданының Қаратал ауылынанбыз. Қызымыз жасынан өжет болып өсті, өз еркімен төрт жасынан қазақ қыздары үшін таңсық та, аса күрделі фристайлды таңдап, оның ішінде могулге бет бұрды. Биыл Францияда Әлем кубогінде және универсиадада жүлделі орын алды. Алда тек сәттілік тілейміз. Барлық жерлестерімізді осынау айтулы күнмен құттықтаймын, – деді Серік Әміренов. 

Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарының басталуына шамамен екі аптадай уақыт қалды. Дүбірлі бәсеке 6-22 ақпанда Милан және Кортина-д’Ампеццода қалаларында өтеді. 

Жарысты «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.






Фото: Ақорда

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу