Жол картасын жүзеге асыру: ЖИ ел өнеркәсібін қалай өзгертуде?
Қазақстанның ірі өнеркәсіп кәсіпорындары өндірістік үдерістерге жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде енгізуде. Бұл жұмыс 2025-2026 жылдарға арналған Жол картасы аясында жүзеге асырылып, өнеркәсіптің цифрлық трансформациясын жеделдетуге бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда Жол картасына 11 ірі кәсіпорында іске асырылатын 41 жоба енгізілген. Олардың қатарында «Qarmet», «Алтыналмас», «СарыарқаАвтоПром», «Қазцинк», ERG, «KAZ Minerals» және басқа да жетекші компаниялар бар. Жобалар қауіпсіздікті арттыруға, өндірістік шығындарды азайтуға және еңбек өнімділігін көтеруге мүмкіндік беріп отыр.
2025 жылдың қазан айында іске қосылған Industrial AI Acceleration бағдарламасы аясында 24 пилоттық жоба қолға алынып, оның жетеуі өндірістік пайдалануға енгізілді. Бірқатар кәсіпорындарда интеллектуалды бақылау жүйелері мен цифрлық платформалар нақты экономикалық нәтиже көрсетіп, миллиардтаған теңге көлемінде тиімділікке қол жеткізілді.
Жол картасы аясындағы бастамалар мемлекеттік қолдаумен жүзеге асырылуда. Алдағы кезеңде роботтандырылған техника, бейнеаналитика, ЖИ-ассистенттер және цифрлық егіздер сияқты заманауи шешімдерді енгізу жоспарланған. Бұл шаралар Қазақстан өнеркәсібінің цифрлық әлеуетін арттырып, оның бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.