Құрылыс саласын цифрландырудың жоспары бекітілді
Елімізде құрылыс саласын цифрлық трансформациялауға бағытталған 2026-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тиісті шешім Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың кездесуі барысында қабылданды.
Бекітілген құжат құрылыс саласының негізгі цифрлық мақсаттарын айқындап, жобалардың толық өмірлік циклін қамтиды. Атап айтқанда, жоспарлау мен жобалаудан бастап, құрылыс жүргізу, пайдалануға беру және ғимараттар мен құрылыстарды одан әрі пайдалану кезеңдеріне дейінгі үдерістерді цифрландыру көзделген.
Жоспар құрылыс процестерін жеңілдетуге және жеделдетуге бағытталған бірқатар практикалық шараларды қамтиды. Басым бағыттардың қатарында міндетті BIM-жобалауды енгізу, құрылыс саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, нысандардың цифрлық паспорттарын әзірлеу, сондай-ақ құрылыс нормалары мен стандарттарын машина оқитын форматқа көшіру бар.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, құрылыс саласы ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие.
Жоспарда көзделген шараларды іске асыру қолмен атқарылатын операциялар санын азайтып, қателіктер тәуекелін төмендетуге және құрылыс жобаларының болжамдылығын арттыруға ықпал етеді.
Жалпы алғанда, 2026-2027 жылдарға арналған цифрландыру жоспары құрылыс саласындағы ашықтық пен басқару сапасын күшейтуге, құрылыс мерзімдері мен шығындарын қысқартуға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және жобалардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.