Бүгіннен бастап Өскеменде қоғамдық көлікте жол ақысын төлеудің жаңа тәсілі енгізілді
21 қаңтардан бастап Өскемен қаласында қоғамдық көлікте жол ақысын төлеудің қосымша тәсілі іске қосылды. Енді жолаушылар автобустарда орналастырылған ONAY! QR-стикерлерді сканерлеу немесе көлік кодын қолмен енгізу арқылы Halyk және Kaspi банктерінің мобильді қосымшалары арқылы жолақысын төлей алады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жаңа мүмкіндік ONAY! сервистерін цифрландырудың екінші кезеңі аясында енгізіліп отыр және жолаушылар үшін төлем жасаудың қолданыстағы тәсілдерін кеңейтуге бағытталған. Бұған дейін қолданылып келген ONAY! көлік карталары (виртуалды және стандартты, жеңілдігі бар карталар), мобильді қосымша және ұялы телефон балансынан SMS арқылы төлеу тәсілдері де өз күшінде қалады.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Көлік холдингі филиалының директоры Арман Ысқақовтың айтуынша, ONAY! төлем жүйесі Өскеменде бір жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келеді.
Еске салсақ, ONAY! жүйесі Өскемен қаласында 2025 жылдың сәуір айында енгізілген. Іске қосылған уақыттан бері бастапқы және қайта шығаруды қоса алғанда, түрлі санаттар бойынша 74,5 мыңнан астам жеңілдігі бар карта шығарылған. Оның ішінде 55,8 мыңнан астамы жүйені енгізу кезеңінде Көлік холдингі есебінен рәсімделген.
Қазіргі таңда Өскемен қаласында 11 тасымалдаушы 51 маршрут бойынша қызмет көрсетеді. Қаладағы 415 автобусқа 853 көлік терминалы орнатылып, 3,5 мыңнан астам ONAY! QR-стикері орналастырылған.
Фото: Өскемен қаласы әкімдігі