Өскеменде «Emeralds» тұрғын үй кешенінің 103 үлескері зардап шекті
Қазіргі уақытта Өскемен қаласында жеке инвестициялар есебінен 36 тұрғын үй кешені, яғни, 58 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. 2025 жылы осы нысандар бойынша 8 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Қазіргі таңда облыс тұрғындарына 1,8 млрд теңге зардап келтірген «Emeralds» тұрғын үй кешені бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мамандардың айтуынша, қала аумағында үлестік құрылысқа қатысты екі проблемалық нысан бар. Олар — «Emeralds» және «Astoria» тұрғын үй кешендері.
Ал «Astoria» тұрғын үй кешенінде құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Жобаға жаңа инвестор тартылып, бүгінде ғимараттың қаңқасын тұрғызу жұмыстары жүргізілуде. Аталған тұрғын үй кешенін 2026 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Айта кетейік 2025 жылы лицензия талаптарын бұзған құрылыс ұйымдарына қатысты 156 әкімшілік іс қозғалып, 28,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, құрылысқа берілген 7 лицензияның күші жойылды.