KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 2 м/с, З
503.9 603.32 6.61

«Ұлттық қауіпсіздікке қатер»: Президент Қаржылық мониторинг агенттігін цифрлық артта қалмауға шақырды

Кеше, 15:30 105 Базарова Айгүл

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында экономикалық қылмыс, криптовалюта арқылы капитал шығару, қаржылық алаяқтық және бизнесті негізсіз тексеру мәселелеріне қатаң баға берді, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы агенттіктің бес жыл ішінде елдің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды дербес құрылымға айналғанын атап өтті.

«Осындай қысқа мерзім ішінде көп жұмыс істелді, тәжірибе жинақталды. Бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігі экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқарады. Бірақ босаңсуға болмайды», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, құқық қорғау органдары цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жаппай енгізбесе, бұл ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді.

«Қарақшылар, яғни, қылмыскерлер жасанды интеллектіні белсенді пайдаланатын болды. Егер құқық қорғау органдары технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін», – деді Мемлекет басшысы.

Президент әлеуметтік салаға бөлінген қаржының жымқырылуы мен криптовалюта арқылы шетелге шығарылуын «ақылға сыймайтын жағдай» деп атады.

«Әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңгені жымқыратын алаяқтар бар. Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр», – деді ол.

Президенттің мәліметінше, бүгінде 62 миллиард теңгеден астам қаржы айналымы бар 130 заңсыз криптоалмасу қызметі жойылған.

Қазақстан 2023 жылдан бері «Эгмонт» тобының қаржылық барлау бірлестігінде Еуразия аймағының мүддесін қорғайды. 20 ірі криптобиржамен сындарлы серіктестік орнатылды. Орталық Азия елдерінде құрылған осындай алғашқы блокчейн-талдаумен айналысатын «Криптон» арнайы құрылымдық бөлімшесі ашылды. Былтыр қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын 200-ге жуық жалған компания әшкереленді. Олардың заңсыз айналымдағы қаражаты 500 миллиард теңгеден асады. Сексеннен астам қылмыстық топ құрықталды. 100-ден астам қаржы пирамидасы жойылды. 

Президент кәсіпкерлерге заңсыз қысым көрсету фактілеріне де тоқталды.

«Барлық құқық қорғау органы бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыспен парапар екенін түсінуге тиіс», – деді Президент.

Оның айтуынша, 2025 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі қозғаған 2710 істің 1061-і негізсіз деп танылып, тоқтатылған.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын үлгілі атқарған Қаржылық мониторинг агенттігінің бірқатар қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.




Фото: Ақорда

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу