KZ
Өскемен
-24°
плотный туман Штиль
501.02 597.27 6.59

Кәсіп бастауға қолдау: Шығыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы жалғасуда

pixabay.com

28.01.2026, 14:00 100 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен шағын несие беру жалғасуда. Бұл жоба ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуына және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Ауыл аманаты» шеңберінде өнімдерді өндіру және қайта өңдеу, мал және құс шаруашылығын дамыту, туризм саласын өркендету, сондай-ақ өзге де кәсіпкерлік бағыттар қолдауға ие. Бұл ауыл тұрғындары үшін өз кәсібін бастауға немесе бұрыннан бар ісін кеңейтуге нақты жағдай жасайды.

Бағдарлама талаптарына сәйкес, ауыл шаруашылығына жатпайтын бағыттар бойынша шағын несие 5 жылға дейінгі мерзімге, ал ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу салалары бойынша 7 жылға дейін беріледі. Несие мөлшері жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары үшін 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін, өңдеу саласындағы жобалар мен кооперативтер үшін 8 000 АЕК-ке дейін қарастырылған. Бұған дейін алынған шағын несиесі толық өтеліп, бастапқы қарыз мерзімінің жартысы өткен жағдайда қайта өтінім беруге де мүмкіндік бар.

Шағын несиенің сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Сонымен қатар, негізгі қарызды өтеу бойынша 12 айға дейін жеңілдік кезеңі көзделген. Несие кепілдікпен қамтамасыз етілуі тиіс.

Бағдарлама аясында ұсынылатын жобалар жаңа жұмыс орындарын құруды және ауылдық округтерді дамытудың басым бағыттарына сай болуын міндетті түрде ескеруі қажет. «Ауыл аманаты» бағдарламасы - өңір тұрғындарына өз кәсібін дамытуға, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға және ауыл экономикасын нығайтуға бағытталған тиімді қолдау тетігі.

Айта кетейік, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасын жалғастыруға 100 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Қаражаттың шамамен 60 млрд теңгесі 600-ге жуық кооперативті қолдауға бағытталмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу