Өрт болса дереу хабарла: Құтқарушылар балаларға дәріс өткізді
Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері Өскемен қаласындағы №26 мектепке арнайы барып, «ÓRT-BOLSA-DEREU-HABARLA» республикалық акциясы аясында профилактикалық сабақ өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Кездесу барысында мамандар оқушыларға өрт кезінде жедел қызметтерді шақырудың нақты алгоритмін түсіндіріп, өрттің туындауына әкелетін негізгі себептерге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, тұрмыста және қоғамдық орындарда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Алынған теориялық білімді тәжірибе жүзінде бекіту мақсатында құтқарушылар балаларға түрлі төтенше жағдайларды модельдеуді ұсынып, қауіп төнген сәтте өрт сөндіру қызметін қалай дұрыс әрі жедел шақыру керектігін тексерді. Оқушылар белсенділік танытып, өз әрекеттерін сенімді түрде көрсете білді.
Аталған іс-шаралар өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, төтенше жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған.
Фото: ШҚО ТЖД




