Respublica партиясы кеңейтілген актив отырысында конституциялық реформаны қолдайтынын мәлімдеді
Respublica партиясы активінің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы жан-жақты талқыланып, партияның реформаны қолдайтын ортақ ұстанымы айқындалды. Жиынға партияның Саяси кеңес мүшелері, Парламент пен мәслихат депутаттары, өңірлік филиал басшылары, әйелдер және жастар қанатының өкілдері қатысты. Кездесу Негізгі заңға қатысты көзқарастарды ашық форматта талқылауға арналған диалог алаңына айналды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Отырысты ашқан Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров ұсынылып отырған Конституция жобасын мемлекеттің дамуындағы сапалық жаңа кезең деп бағалады. Оның айтуынша, жаңа құжат мемлекет пен азамат арасындағы жаңартылған қоғамдық келісімнің негізін қалайды.
Айдарбек Қожаназаров жаңа Конституцияда елдің унитарлы құрылымы мен аумақтық тұтастығының мызғымай сақталғанына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, құжаттың өзегінде адамға бағытталған, азаматтың құқығы мен қадір-қасиетін алдыңғы орынға қоятын көзқарас жатқанын атап өтті.
Өңірлік партия жетекшілері реформаның нақты практикалық маңызын атап өтті. Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Әубәкіров ғылым мен инновацияның Конституция деңгейінде бекітілуі жоғары технологиялы экономикаға өтудің берік іргетасы екенін айтты.
Сондай-ақ, ол бір палаталы Құрылтайды қалыптастыру барысында саяси партиялардың рөлін күшейтудің маңызын атап өтті.
Re.Women әйелдер қауымдастығы мен ReJastary жастар қозғалысының өкілдері реформаны азаматтық қатысуды кеңейтетін тиімді тетік ретінде бағалады. Атырау облысындағы Re.Women қауымдастығының төрайымы Гүлназ Кәрімжан қоғамдық диалогты кеңейту, Халық кеңесі секілді институттарды енгізу ашықтық пен әділет қағидаттарына толық сай келетінін жеткізді.
Ал Шығыс Қазақстан облысындағы ReJastary қозғалысының үйлестірушісі Жігер Сәрсенбаев Конституцияда бекітілген «Әділетті Қазақстан» және «Заң және тәртіп» қағидаттары жастардың әлеуетін ашып, олардың ел өміріне жауапкершілікпен араласуына негіз болатынын атап өтті.
Жиын барысында Мәжіліс депутаттары – Respublica партиясы фракциясының мүшелері Нұргүл Тау, Олжас Құспеков, Айтуар Қошмамбетов, Екатерина Смолякова, сондай-ақ Маңғыстау, Павлодар облыстық және Астана қалалық филиалдарының төрағалары сөз сөйлеп, ұсынылып отырған өзгерістердің өңірлік даму, ұлттық бірлік пен жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту тұрғысындағы маңызын атап өтті.
Талқылау қорытындысында Respublica партиясы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қолдайтынын ресми түрде мәлімдеді. Партия алдағы жалпыұлттық талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін білдіріп, ел азаматтарын болашақ негізгі заңды қалыптастыру үдерісіне атсалысуға шақырды.




