Ертең Өскемен оқушылары қашықтан оқиды
Облыс орталығында бірнеше күн қатарынан екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдай сақталуда. Осы ретте қалалық білім беру бөлімінің шешіміне сай, 2026 жылғы 2 ақпанда Өскемен қаласының барлық жалпы білім беретін мектептерінде сабақ қашықтан өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Онлайн форматта бірінші және екінші ауысымдағы 0–11 сынып оқушылары оқиды. Мамандардың мәліметінше, ауа райының күрт нашарлауы тұрғындардың, әсіресе, балалардың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан бұл оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шешім.
Қашықтан оқыту сабақтары бекітілген кестеге сәйкес электронды платформалар арқылы өткізіледі. Мұғалімдер оқу бағдарламасын толық көлемде жүзеге асырып, оқушылармен тұрақты байланыста болады.
Қала тұрғындары мен ата-аналардан ауа райының қолайсыз кезеңінде сақтық шараларын қатаң сақтап, ресми ақпарат көздеріндегі хабарламаларды назарда ұстау сұралады.
Қолайсыз метеожағдайдың өзгеруіне байланысты қосымша ақпараттар алдағы уақытта хабарланатын болады.