KZ
Өскемен
-18°
переменная облачность жел 1 м/с, С
498.65 589.06 6.49

Қолайсыз метеожағдай: Өскемен ауасының сапасы көшпелі зертхананың бақылауында 

1.02.2026, 19:15 136 Базарова Айгүл

Қала аумағында бес күн қатарынан сақталған қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты Экология департаментінің мамандары атмосфералық ауаның сапасына жедел мониторинг жүргізіп, ауа сапасын қатаң бақылауда ұстауда. Қадағалау «Қазгидромет» РМК және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен бірлесіп ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz. 

Мониторинг күн сайын жылжымалы зертхана көмегімен жүзеге асырылып, өлшеулер санитариялық-қорғау аймақтарында және жеке тұрғын секторында жүргізілуде. Мамандар негізгі ластаушы заттардың деңгейін, атап айтқанда, азот қосындылары, көміртек оксиді, күкірт тобы және хлоридтер бойынша көрсеткіштерді сараптауда.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезеңінде өнеркәсіптік кәсіпорындар қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту мақсатында өндірістік қуаттылықты 20–40 пайызға дейін төмендеткен.

Мамандардың айтуынша, атмосфералық ауаның жалпы жағдайына автокөлік құралдары, өндіріс ошақтары және пешпен жылытылатын жеке тұрғын сектор елеулі әсер етеді. Сонымен қатар, қала аумағындағы екі гидроэлектр станциясының жұмысы Ертіс пен Үлбі өзендерінің қыс мезгілінде қатпауына себеп болып, қалың тұманның жиі қалыптасуына ықпал етуде.

Қыс айларында жеке тұрғын үйлерде көмір мен ағаш жағу нәтижесінде күйе мен күлден тұратын ұсақ дисперсті бөлшектер түзіліп, олардың ауада ұзақ уақыт сақталуы ластану деңгейінің артуына әсер етеді.

Жүргізілген мониторинг нәтижесіне сәйкес, қазіргі таңда қаладағы ауа сапасы орташа деңгейде бағаланып отыр және тұрғындардың денсаулығына қауіп төндірмейді. Атмосфералық ауаның жай-күйіне бақылау тұрақты түрде жалғаса береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу