ШҚО: «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген микрокредиттерге өтінім қабылдау қайта басталды
Шығыс Қазақстан облысында ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға, халық табысын арттыруға және ауылдағы кооперацияны қолдауға бағытталған мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген шағын несиелерге өтінім қабылдау қайта басталды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Аталған бағдарлама 2025 жылғы 16 маусымдағы №53 ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген жаңа микрокредиттеу және лизинг ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Басым бағыттары:
Мал шаруашылығы – жалпы қаржыландыру көлемінің 40%-ынан аспайды:
ірі қара малды бордақылау;
сүт-тауарлы фермаларды құру;
ұсақ мал (қой, ешкі) өсіру жобалары.
Микрокредиттеу шарттары:
Сыйақы мөлшерлемесі: жылдық 2,5%-ға дейін
Несиелеу мерзімі: 7 жылға дейін
Жеңілдік кезеңі: 12 айға дейін
Несие сомасы: кооперативтер мен өңдеу жобалары үшін – 8 000 АЕК-ке дейін
Бағдарламаға фермерлік және шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы кооперативтері, сондай-ақ жобаны іске асыратын елді мекенде кемінде 12 ай тіркеуде тұрған ауыл тұрғындары қатыса алады.
Өтінімдер электронды форматта amanatnesie.kz ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады. Жүйе өтінім беру үдерісінің ашықтығын, жеделдігін және ыңғайлылығын қамтамасыз етеді.
Кеңес алу үшін азаматтар Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасына немесе тұрғылықты жері бойынша «Атамекен» микроқаржы ұйымына (МҚҰ) жүгінуіне болады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастауға, өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және туған ауылдың өркендеуіне үлес қосуға нақты мүмкіндік береді.