KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 7 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Сарыөлең мен Тәуке ауылдарындағы жаңа білім ордалары ауылдың тірегіне айналады – ШҚО

Кеше, 16:30 71 Даурен Аллабергенұлы

Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімін иеленген орта мектеп Тарбағатай ауданына қарасты Жаңаауыл ауылдық округінің Сарыөлең ауылында орналасқан. Жаңа типтік мектеп батырдың 115 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға берілген, деп хабарлайды Aitainews.kz тілшісі.

Білім ордасы 550 млн теңгеге салынған. Жобалық қуаты 50 оқушыға шағын комплектілі мектепте қазіргі кезде 27 оқушы білім алуда. Құрылыс өткен жылдың сәуір айында басталып, қазан айында толық аяқталған. 

– Мектеп толықтай материалдық-техникалық базасы 15 кабинетті қамтиды. Оның ішінде 10 пәндік, 1 мультимедиа кабинеттері, 20 орындық асхана, кітапхана, спортзал және акт залы бар. Мектепте 12 педагог білім беруде, – деп атап өтті мектеп директорының міндетін атқарушы әрі физика пәнінің мұғалімі Нұргүл Мұхаметжанова.

Мектеп электр термофоны арқылы жылытылады, қол жуатын бөлмелер, дәретхана да ішінде қарастырылған. Мұнда ауылдың бүлдіршіндеріне арналған шағын орталық та орналасқан. 

Аудан әкімі айтып өткендей, мұндағы басты мәселе – оқушылар санының аздығы. Бұл бағытта өзге облыстардың аудандарынан отбасыларды ауылға тұрақты тұруға шақыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Таяу күндерде алғашқы отбасылар ауылды көруге келмек.

Аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа жылда қызметін бастаған білім мекемесімен танысып, интернеттің жылдамдығын тексерді. Қажет болса, тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Бірінші кезекте білімнің сапасына баса назар аударуды айта келе, мектеп ұжымына интерактивті панельді сыйға тартты.

– Сарыөлең ауылы таудың ішінде, тамаша табиғат ортасында орналасқан ауыл. Аудан орталығына да, көршілес Зайсан ауданына да сапалы, жөндеуден өткен автокөлік жолы бар. Енді міне, жаңа мектеппен бірге кең жолақты интернет байланысы да пайда болды. Сол арқылы мүмкіндік артып жан-жақты білім алуға жол ашылды. Ендігі міндет тек қана сапалы білім беру мен оқушылар санын көбейту. Жас мамандар келетін болса, пайызы төмендетілген несие болсын, грант болсын көмек беріп, тиісінше жағдай жасаңыздар. Жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеру Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған бірден бір міндеті, – деді облыс басшысы Нұрымбет Аманұлы.

Дәл осындай типтегі екінші жаңа білім ордасы Шығыстан шыққан Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың атын иелеген негізгі орта мектеп Қабанбай ауылдық округіне қарасты Тәуке ауылында орналасқан. 

– Мектеп ғимараты типтік жоба бойынша салынған, жобалық қуаты 80 оқушыға арналған, 2025 жылы пайдалануға берілген. Ғимараттың жалпы ауданы – 1101,9 шаршы метр. Мектепте барлығы 15 педагог қызмет атқарады, барлығы жоғары білімді. 5–9 сыныптарда – 15 оқушы білім алады. Аз қамтылған отбасылардан шыққан 5 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған, – деді мектеп директоры Ұлжан Масалимова.

Білім ошағының материалдық-техникалық базасына келсек, пәндік кабинеттер саны жетеу. Спорт залы, 30 орындық асхана, кітапхана және акт залы бар. Электрлік теплофонмен жылытылатын қазандықпен қамтамасыз етілген.

Ауыл ақсақалы Жеңісхан Тілебалдинов ауылдағы мектептің бала санын көбейту үшін көршілес Қытай мемлекетінен көшіп келген қандас ағайындармен кездесулер ұйымдастырылып жатқанын атады.

– Ол ағайындарды ауылға құр шақырып қоймай, олар көшіп келгесін шаруашылықпен айналысу үшін шағын жер беру, шабындық, жайылымдық жер қарастыру қажет, алдарына бір-екі бас мал салып беру керек. Сонда ғана отбасылар келе бастайды. Ауылда қосымша жұмыс орындарын ашқан дұрыс. Өйткені, ауылдың болашағы бар, «Омбы-Майқапшағай» республикалық күре жолының бойында тұр, – деп атап өткен аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағанов мектеп ұжымына интерактивті панель сыйға тартып, білімді де дарынды оқушыларды көптеп тәрбиелеуді тапсырды.  

Ұстаз Қ.Біләлов атындағы мектеп-лицей аудан орталығы Ақжар ауылында орналасқан. Мектеп ғимараты типтік жоба бойынша салынған, жобалық қуаты – 357 оқушы. Білім ордасы 1983 жылы пайдалануға берілген. Мектептің жалпы аумағы – 5564,9 шаршы метр.

Мектеп директоры Альмира Шағыраеваның айтуынша, қатты отынмен жылытылатын ғимараттың жұмыс істеп тұрғанына қырық жылдан асқан. Әбден ескіргендіктен, күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы уақытқа дейін тек ішінара ғана ағымдағы жөндеу жасалып келген.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мектеп кездесу барысында ұжымымен алдымен ғимараттың күрделі жөндеуіне қажетті жобалық-сметалық құжаттамасы толық жасалуы, жұмсалатын қаржы көлемі дәл анықталуы керектігін, одан кейін ғана нақты шешім қабылданатынын атап өтті. 




Фото: Артём Жигулин

Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу