Тарбағатай ауданындағы тозығы жеткен дәрігерлік амбулатория ғимараттарының мәселесі көтерілді – ШҚО
Тарбағатай ауданының Қарасу ауылында орналасқан, бұрын жекеменшік балабақша ретінде жоспарланған ғимарат бүгінде бос тұр. 2016 жылы жергілікті кәсіпкер бастаған құрылыс жұмыстары қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтап қалған-ды. Облыс әкіміне аталған ғимаратты таныстырған аудан басшылығы нысанды мемлекет меншігіне сатып алып, денсаулық сақтау мекемесін ашсақ деген жоспармен бөлісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ғимараттың жағдайымен танысып, мәселенің мән-жайына үңілген аймақ басшысы дәрігерлік амбулаториямен қатар өзге де әлеуметтік маңызды мекемелерді осында орналастыру жағын қарастыру қажеттігін айтты.
Дәл осыған ұқсас жағдай Қарасу ауылдық округімен іргелес Қабанбай ауылында да бар. Мұндағы дәрігерлік амбулатория сонау 1982 жылы салынған. Күрделі жөндеуге жатпайды.
Жобалық қуаты бір ауысымда 36 адам және жалпы ауданы 198,4 шаршы метр болатын типтік емес қаңқалы-қамысты материалдан салынған ескі ғимарат.
Мекеме қазіргі уақытта жиыны 2009 тұрғынға, оның ішінде 642 балаға медициналық көмек көрсетеді. Материалдық-техникалық базаға 14 кабинет кіреді. Оның ішінде дәрігер кабинеті, процедуралық, акушерлік, дәрігерге дейінгі, күндізгі стационар, клиникалық зертханалық диагностика, қақырықты жинау және зарарсыздандыру сияқты қызмет түрлері бар.
Облыс әкімі медициналық нысанды толық аралап, оған қатысты шешім алдағы уақытта белгілі болатынын жеткізді.
Фото: Артём Жигулин
Видео: Жәнібек Ырысбай




