«Қазақ тілі – достық тілі»: ШҚО тұрғындары арасында сайыс өтті
Риддерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, этносаралық келісімді нығайту және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында «Қазақ тілі – достық тілі» атты сайыс ұйымдастырылды. Шараны «AMANAT» партиясы қалалық филиалы мен Тілдерді оқыту орталығы бірлесіп өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Байқау алаңында түрлі этнос өкілдерінен құралған командалар бас қосып, қазақ тіліне деген қызығушылықтары мен білім деңгейлерін сынға салды.
Сайыстың басты мақсаты – мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынастың ортақ тілі ретінде дәріптеу, қоғамдағы өзара сыйластық пен достықты нығайту.
Байқау үш кезең бойынша өтті. Қатысушылар өз командаларын мемлекеттік тілде таныстырып, шығармашылық тұрғыдан ерекшеленді. «Сөзмаржан» кезеңінде күнделікті тұрмыста қолданылатын қазақ және орыс тіліндегі сөздерді жұптастыру арқылы қатысушылардың тілдік қоры мен жылдам ойлау қабілеті сыналды. Ал «Қызықты сауал» белесінде қазақ тіліндегі мәтіндерге байланысты қойылған сұрақтарға ауызша жауап беріліп, командалардың тіл меңгеру деңгейі бағаланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін арттыруға өз үлесін қоса бермек.



