Ұжымдық иммунитет: ШҚО-да 1 жасқа дейінгі балалардың 95% қызылшаға қарсы екпе алған
2025 жылдың қорытындысы бойынша ШҚО-да қызылшаға қарсы вакцинация деңгейі жоспарға сай. Бір жастағы балалардың 95,8 пайызы, ал алты жастағы балалардың 94,4 пайызы екпемен қамтылған. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштер ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жеткілікті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дегенмен, екпеден бас тарту жағдайлары көбейген жағдайда бұл тепе-теңдік бұзылып, қызылшаның қайта таралу қаупі арта түседі. Осыған байланысты сала мамандары алаңдаушылық білдіруде.
Қызылша – жеңіл өтетін ауру емес, ол ауыр әрі қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін. Ауру кезінде ағзаның иммундық жүйесі күрт әлсіреп, өкпенің қабынуы, менингит сияқты дерттерге жол ашады. Сонымен қатар гайморит, отит, пиелонефрит секілді созылмалы инфекциялық аурулар асқынып кетуі ықтимал. Мамандар қызылшаның жүйке жүйесіне де зақым келтіретінін айтады. Кейбір жағдайларда неврологиялық асқынулар дамиды.
Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, қызылшаның ең қауіпті әрі сирек кездесетін асқынуларының бірі – жеделденген склероздаушы панэнцефалит. Бұл ауру қызылшамен ауырғаннан кейін 5–10 жыл өткен соң пайда болып, ми қызметін зақымдайды. Әсіресе, ерте жаста жұқтырған балалар үшін аса қауіпті, себебі уақыт өте келе ойлау қабілетінің төмендеуіне және тұлғалық өзгерістерге әкелуі мүмкін. Осыған байланысты мамандар қызылшадан қорғанудың ең сенімді әрі тиімді жолы – уақтылы вакцинация екенін атап өтеді.
Статистикалық деректерге сәйкес, вакцинациядан бас тартудың себептері әртүрлі. Ата-аналардың 92 пайызы жеке көзқарасы мен сеніміне байланысты екпеден бас тартса, 6,4 пайызы вакцинаға күмәнмен қарайды. Тағы 1,2 пайызы әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат көздерінде тараған жалған ақпараттың ықпалына түскен. Ал 0,4 пайыз жағдайда бұрын салынған вакцинадан кейін болған реакциялар ата-аналардың алаңдаушылығын күшейткен.
Дәрігерлердің айтуынша, екпеден бас тарту тек бір баланың емес, айналасындағы барлық адамдардың денсаулығына қауіп төндіреді. Қоғамдағы иммунитет деңгейі төмендеген сайын жұқпалы аурулардың таралу қаупі арта түседі. Осы себепті мамандар ата-аналарды балаларын уақытылы вакцинациялауға шақырады.