KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег Штиль
503.44 593.35 6.55

ШҚО-да қызылшамен ауырған балалардың дені екпе алмаған

26.01.2026, 11:00 96 Төлеуғазы Жансая

ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде жыл басынан бері қызылшаның 3 жағдайы анықталған. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 0,41 көрсеткішті құрайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«2026 жылдың қаңтар айында тіркелген жағдайлардың екеуінде, яғни, 66,7 пайызында балалар екпе алмаған. Бұған ұзақ мерзімді медициналық қарсы көрсетілімдер және уақтылы вакцина салдырмау себеп болды», – деп хабарлады департамент.

Мамандардың айтуынша, қызылшаға шалдығу қаупі әсіресе 1 жасқа дейінгі балалар, 1–5 жас аралығындағы бүлдіршіндер, сондай-ақ екпе алмаған және науқаспен байланыста болған адамдар арасында жоғары.

«Қауіп тобына 1 жасқа дейінгі балалар, 20–29 жас аралығындағы ересектер, 40 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері және қызылшамен ауырған адаммен байланыста болғандар жатады. Әсіресе, уақтылы екпе алмаған балалар ауруға бейім келеді», – деп атап өтті санитариялық қызмет өкілдері.

Сондай-ақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша қызылша көбіне қала тұрғындары арасында тіркелген. Жалпы жағдайлардың 85,4 пайызы қалалық жерлерге тиесілі болған.

Мамандар ата-аналар мен тұрғындарды балаларды уақытында вакцинациялауға, ал ауру белгілері байқалған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге шақырады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу