KZ
Өскемен
-17°
туман жел 1 м/с, С
498.65 589.06 6.49

Жатыр мойны обырының алдын алу: онколог дәрігер не дейді?

3.02.2026, 15:00 98 Базарова Айгүл

Жатыр мойны обыры – алдын алуға болатын, алайда кеш анықталған жағдайда өмірге қауіп төндіретін дерт. Altainews.kz оқырмандарына аурудың себептері, белгілері және одан сақтану жолдары туралы Шығыс Қазақстан облыстық көпбейінді «Онкология және хирургия орталығының» жоғары санатты онколог-дәрігері Инна Леонидовна Чертищева түсіндіреді.

Жатыр мойны обыры не себепті дамиды?

— Бұл ауру тұқым қуаламайды. Жатыр мойны обырының негізгі себебі — адам папиллома вирусының (АПВ) онкогенді түрлері. АПВ-ның 100-ден астам түрі бар, алайда олардың тек 15-і ғана қатерлі ісік тудыруы мүмкін. Ең қауіпті әрі жиі кездесетін түрлері — 16, 18, 31, 33 және 45 типтер, — дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, жатыр мойны обыры көбіне 45–65 жас аралығындағы әйелдерде анықталады. Алайда соңғы жылдары бұл диагноз 18–29 жас аралығындағы жас әйелдер арасында да жиілей түскен. Әлем бойынша жыл сайын 500 мыңнан астам әйел осы дертке шалдығады. Бұл — әр екі минут сайын бір әйелде жатыр мойны обыры анықталады деген сөз.

АПВ қалай жұғады?

— Адам папиллома вирусы өте жұқпалы. Көбінесе жыныстық қатынас арқылы беріледі, алайда кей жағдайларда жыныс мүшелері терісінің жанасуы да жеткілікті. Вирус ерлерге де, әйелдерге де бірдей жұғады, — деп атап өтті Инна Чертищева.

Дәрігердің сөзінше, презервативтер АПВ-дан толық қорғай алмайды, себебі вирус өте ұсақ және микрокеуектер арқылы өтуі мүмкін. Вирус ағзада көбіне еш белгісіз өтеді, сондықтан көп адам өзінің жұқтырғанын білмей жүреді. Дегенмен, АПВ жұқтырғандардың шамамен 50 пайызында иммундық жүйе вирусты өздігінен жоя алады.

Ауруды қалай ерте анықтауға болады?

— Жатыр мойны обырының бар-жоғын тек гинекологтың тексеруі арқылы ғана анықтауға болады. Қарау кезінде міндетті түрде цитологиялық зерттеу үшін жағынды алынады. Өкінішке қарай, аурудың бастапқы кезеңдерінде ешқандай белгі болмайды, — дейді онколог.

Қазақстанда жатыр мойны обыры жағдайларының жартысынан астамы кеш, асқынған сатыда анықталатыны — алаңдатарлық жайт.

Қандай белгілерге назар аудару керек?

Ауру асқынған кезде қынаптан мол сулы немесе қанды бөліністер пайда болуы мүмкін. Олар көбіне жыныстық қатынастан кейін, ауыр зат көтерген соң, етеккір аралығында немесе менопауза кезеңінен кейін байқалады. Кеш сатыларында әлсіздік, іштің төменгі бөлігінің ауыруы, зәр шығару бұзылыстары орын алады.

Жатыр мойны обыры қалай емделеді?

— Емдеу тәсілі аурудың сатысына байланысты таңдалады. Ерте кезеңде хирургиялық ем тиімді болса, кеш сатыларында сәулелік терапия, химиотерапия немесе кешенді ем қолданылады, — дейді дәрігер.

Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы

Инна Леонидовна Чертищева әйелдерге акушер-гинеколог дәрігерге тұрақты түрде қаралып тұруды ұсынады. 30–70 жас аралығындағы әйелдер әр 4 жыл сайын скринингтік тексеруден өтіп, цитологиялық зерттеу үшін жағынды тапсыруы қажет.

— Уақытылы тексеру — жатыр мойны обырының алдын алудың ең сенімді әрі тиімді жолы, — деп түйіндеді маман.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу