«Ауыл» партиясы Конституциялық реформаны елдің даму бағытын айқындайтын тарихи қадам деп бағалады
Елордада «Ауыл» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында партия мүшелері, Парламент депутаттары мен қоғам белсенділері Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын талқылап, оны еліміздің саяси жаңғыру жолындағы тарихи қадам ретінде бірауыздан қолдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Отырысты партия Төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Серік Егізбаев ашып, баяндама жасады. Ол жаңа Конституцияны ел дамуының жаңа философиясы және «Әділетті Қазақстанның» құқықтық іргетасы деп атап өтті.
Отырыс барысында күн тәртібіне сәйкес саяси реформаның негізгі бағыттары бойынша жарыссөздер өткізіліп, қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев 145 депутаттан тұратын Құрылтайдың тарихи маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бір палаталы модель бюрократиялық кедергілерді азайтып, билік тетіктерінің ашықтығы мен тиімділігін арттырады.
Партия ардагері Мынаутаубиік Әнесов Ата заңда тарихи-мәдени мұраны сақтау және «Дін мемлекеттен бөлек» қағидатының нақтылануын жоғары бағалады. Оның сөзінше, бұл нормалар ұлттық құндылықтарды қорғаудың құқықтық кепіліне айналады.
Түркістан облыстық филиалының өкілі, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әжіметов пропорционалды сайлау жүйесі партиялық жауапкершілікті арттыратынын, ал вице-президент лауазымының енгізілуі мемлекеттік басқарудың сабақтастығын қамтамасыз ететінін атап өтті.
Саяси кеңес мүшесі, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихат депутаты Ольга Клишина заң шығару бастамасына ие болатын Халық кеңесінің рөліне ерекше тоқталып, оны билік пен қоғам арасындағы, әсіресе ауыл тұрғындары үшін тиімді «алтын көпір» деп сипаттады.
Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Садық Мұстафа реформаның халықтық сипатын атап өтті. Ол Президенттің Конституциялық реформаны жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асыру бастамасын демократияның ең жоғары көрінісі деп бағалады.
Қостанай облыстық филиалының өкілі, облыстық мәслихат депутаты Динара Ахметова әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квотаның сақталуының маңыздылығын атап өтіп, бұл норманы ауылдық жерлердегі болашақ көшбасшылар үшін нақты «әлеуметтік лифт» деп бағалады.
Жиын қорытындысы бойынша «Ауыл» партиясы Саяси кеңесінің мүшелері Қазақстан халқына және партияластарға арналған Үндеу қабылдап, ұсынылған Конституция жобасын мұқият зерделеуге, оны жан-жақты түсіндіру жұмыстарын күшейтуге және шындыққа жанаспайтын арандатушылық жарияланымдарға ермеуге шақырды.





