Мүгедектікті белгілеуге қатысты 9 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды
2026 жылдың басынан бері Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) аясында мүгедектікті белгілеуге қатысты 9,1 мың өтінім сырттай форматта қаралды. Ал 2025 жылы сырттай форматта 113,1 мың өтінім қаралып, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 42,5 пайызын құраған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сырттай проактивті куәландыру бірқатар нозологиялық нысандар бойынша жүзеге асырылады. Олардың қатарына онкологиялық аурулар, барлық локализациядағы туберкулез, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық даму кемістіктері, психикалық аурулар, балалардағы бірінші типті қант диабеті, балалардағы мукополисахаридоз, сондай-ақ ағза трансплантациясынан кейінгі жағдайлар кіреді.
2025 жылы нозологиялық нысандардың тізбесі едәуір кеңейтіліп, оған шынайы гидроцефалия, бір немесе бірнеше аяқ-қолдың тұрақты айқын салдануы немесе терең парездері сияқты диагноздар енгізілді. Қазіргі таңда сырттай форматтағы куәландыру 50-ден астам нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі.
Бұған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың түрлі инстанциялар мен қағазбастылыққа баруын азайтуды, сондай-ақ қызмет алушылар мен қызмет көрсетушілер арасындағы тікелей байланысты болдырмауды тапсырған болатын.
Осы тапсырманы іске асыру мақсатында елімізде медициналық-әлеуметтік сараптаманың сырттай форматы енгізілді. Бұл ретте өтініш берушіге тек тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгініп, қажетті тексеруден өту жеткілікті.
Құжаттарды жолдаудан бастап сараптамалық шешім шығаруға дейінгі барлық кезеңдер азаматтың жеке қатысуынсыз, ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы жүзеге асырылады. №031/у нысанындағы медициналық құжаттар медициналық ұйымдардан МӘС бөлімшелеріне электрондық форматта жолданады.
Сырттай куәландыруға көшу әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды; МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді; мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қорғау шараларын үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді; қызмет алушы мен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланысты болдырмай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.