Мүгедектікті белгілеу: былтыр 113 мыңнан астам өтінім сырттай қаралды
Өткен жылы елімізде медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) аясында мүгедектікті белгілеуге арналған 113,1 мың өтінім сырттай форматта қаралды. Бұл ел бойынша куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 42,5 пайызын құрайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сырттай проактивті куәландыру бірқатар нозологиялық нысандар бойынша қолданылады. Олардың қатарына онкологиялық аурулар, барлық локализациядағы туберкулез, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық даму кемістіктері, психикалық аурулар, сондай-ақ балалардағы бірінші типті қант диабеті, мукополисахаридоз және ағза трансплантациясынан кейінгі жағдайлар кіреді.
2025 жылы нозологиялық нысандар тізбесі айтарлықтай кеңейтілді. Атап айтқанда, оған шынайы гидроцефалия, сондай-ақ бір немесе бірнеше аяқ-қолдың тұрақты айқын салдануы немесе терең парездері енгізілді. Қазіргі таңда сырттай форматтағы куәландыру 50-ден астам нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі.
Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылыққа байланысты қиындықтарын азайтуды, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілер мен қызмет алушылар арасындағы тікелей байланысты болдырмауды тапсырған болатын.
Осы тапсырманы іске асыру мақсатында елімізде медициналық-әлеуметтік сараптаманың сырттай форматы енгізілді. Бұл жағдайда өтініш беруші тек тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгініп, қажетті тексеруден өтсе жеткілікті.
Құжаттарды жолдаудан бастап сараптамалық шешім қабылдауға дейінгі барлық кезеңдер азаматтың жеке қатысуынсыз, ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы жүзеге асырылады. №031/у нысанындағы медициналық құжаттар медициналық ұйымдардан МӘС бөлімшелеріне электрондық форматта жолданады.
Сырттай куәландыруға көшу: әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды; МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді; мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қорғау шараларын үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді; қызмет алушы мен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланысты болдырмай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Бұл шаралар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.