KZ
Өскемен
+3°
переменная облачность жел 9 м/с, ОШ
495.1 583.72 6.46

Бюджеттен бөлінген миллиардтар қайда? Жекеменшік мектептер мен АӨК қатысты аудит нәтижесі

23.01.2026, 15:55 1 508 Базарова Айгүл

Үкімет жүргізген аудиторлық тексеру экономиканың екі бірдей маңызды саласында — жекеменшік білім беру мен агроөнеркәсіп кешенінде — бюджет қаражатының жүйелі түрде тиімсіз әрі бақылаусыз игерілгенін көрсетті. Анықталған заңбұзушылықтар көлемі жүздеген миллиард теңгеге жетіп отыр. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының бюджеттік тәртіпті күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында қаржыны жұмсаудың тиімділігіне кешенді аудиттің алдын ала қорытындылары туралы баяндаманы тыңдады, деп хабарлайды Altainews.kz ел Үкіметіне сілтеме жасап.

Жекеменшік мектептер: бюджет есебінен пайда табу схемалары

Қаржы министрлігінің мәліметінше, жекеменшік мектептер саны 2020 жылдан бері 4 еседен астам артқан. Ал осы кезеңде бұл бағытқа бөлінген қаржы 13,3 млрд теңгеден 248 млрд теңгеге дейін, яғни, 20 есеге өскен.

Аудит нәтижесі көрсеткендей, 2025 жылдың соңына дейін жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесі бытыраңқы әрі бақылаусыз болған. Бұл жағдай деректерді бұрмалауға және бюджет қаражатын теріс пайдалануға жол ашқан.

Осыған байланысты 2024 жылдың соңынан бастап қаржыландыру толықтай Orta-bilim.e-qazyna цифрлық платформасына көшірілді. Жаңа жүйе қаржы бөлудің барлық кезеңін автоматтандырып, ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Аудит не анықтады?

Қаржы министрлігі жүргізген тексеру барысында бірқатар өрескел заңбұзушылықтар әшкереленді. Атап айтқанда:

оқушыларды мектептер арасында бірнеше рет ауыстырып тіркеу арқылы олардың санын жасанды түрде көбейту;

ғимараттардың нақты сыйымдылығын ескермей, оқушы орындарын негізсіз арттыру (кей жағдайда нормативтен 3 есеге дейін асыру);

бюджеттен қаржы алу және салық жүктемесін азайту мақсатында кірістерді әдейі төмен көрсету;

жобалау-сметалық құжаттамасыз күрделі жөндеу орнына ағымдағы немесе косметикалық жөндеу жүргізу фактілері анықталған.

Қаржы министрінің айтуынша, бұл деректер жекеменшік мектептердің едәуір бөлігі мемлекеттік қаржыландыруды білім сапасын арттыру тетігі ретінде емес, табыс табудың құралы ретінде пайдаланғанын көрсетеді.

Сонымен қатар, заңбұзушылықтардың бір бөлігі мемлекеттік органдар тарапынан жеткілікті бақылаудың болмауы немесе лауазымды тұлғалардың тікелей қатысуымен орын алған.

Қазіргі таңда Қаржы министрлігінде аудиторлық тексерулер жалғасуда. Оның қорытындысы бойынша жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігін түбегейлі жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар әзірленбек.

Агроөнеркәсіп кешені: 1,2 трлн теңге бөлінді — нәтиже жоқ

Агроөнеркәсіп кешенін 2023–2024 жылдары қаржыландыруға жүргізілген аудит нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтардың жалпы көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрады. Оның ішінде бюджеттің тікелей шығындары — 32 млрд теңге.

Тек екі жылдың ішінде АӨК-ті мемлекеттік қолдау шараларына 1,2 трлн теңге бөлінген. Алайда Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, бұл қаражаттың елеулі бөлігі күтілетін экономикалық нәтиже мен халыққа нақты пайда әкелмей игерілген.

Көлеңкелі субсидиялар мен «қағаз жүзіндегі» жобалар

Тексеру барысында шаруаларды субсидиялау кезінде 5,5 млрд теңгеге жуық көлеңкелі схемалар анықталған.

11 өңірде субсидия алу мақсатында 808,1 млн теңгеге бір ірі қара малды жалған сату деректері тіркелген.

Сонымен қатар, бюджеттік кредиттер есебінен жүзеге асырылған АӨК-тің инвестициялық жобалары бойынша 13,3 млрд теңге сомасына заңбұзушылықтар белгілі болды. Атап айтқанда, мал мен жабдықтың мүлде жеткізілмеген немесе тек ішінара жеткізілген жағдайлары, сондай-ақ іс жүзінде орындалмаған құрылыс жұмыстары үшін төлем жасау фактілері анықталған.

Несие бар — нәтиже жоқ

Мерзімі өткен берешегі мен қолданыстағы тыйым салулары бар қарыз алушыларға микронесиелер берілгені де әшкереленді. Жалпы берешегі 45,8 млн теңге болатын 25 қарыз алушыға 177,7 млн теңге көлемінде несие рәсімделген.

Жыл сайын 140 млрд теңгеге дейін қаржы бөлінетін дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру бағдарламалары да жүйелі тиімділікке қол жеткізе алмаған. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ фермерлер шығындарының 70%-ын жабу жөніндегі мәлімделген көрсеткішті қамтамасыз ете алмай отыр. Қаражат көптеген қарыз алушыға ұсақ көлемде бөлініп, өндірістің толық циклін жүргізуге мүмкіндік бермейді.

Үкіметтің жауабы: бақылау күшейеді

Анықталған заңбұзушылықтарды ескере отырып, Премьер-министр АӨК-ті мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда:

Қаржы министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіріп, бірыңғай цифрлық мониторинг енгізу;

субсидиялау тетіктерін қағаздағы көрсеткіштерден нақты өндірілген өнім көлеміне көшіру;

субсидияланған малды мемлекеттік қолдау талаптары толық орындалмайынша сатуға тыйым салатын форматтық-логикалық бақылау енгізу;

мемлекеттік кредит есебінен жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға міндетті мемлекеттік сараптама жүргізу.

Нақты заңбұзушылық фактілері бойынша материалдар іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданады.



Фото: ҚР Үкіметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу