KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 2 м/с, З
512.83 600.58 6.36

«Элиталық» мектептер және бюджет шығыны: Үкімет жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландыру тетігін қайта қарайды 

6.01.2026, 18:12 207 Базарова Айгүл

Елдегі жүргізілген аудит барысында жекеменшік білім беру ұйымдарын мемлекеттік қаржыландыру жүйесінде жүйелі заңбұзушылықтар анықталған. Оқушылар мен мұғалімдерді қолдан тіркеу, жобалық қуаттан асыра жүктеу және салықтан жалтару фактілері бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкелген. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов жекеменшік білім беру және медициналық ұйымдарды қаржыландыру тетіктерін түбегейлі қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz ел Үкіметіне сілтеме жасап. 

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты бағдарламалық сұхбатында жүктелген тапсырмаларды іске асыру аясында жекеменшік білім беру және медициналық ұйымдарды мемлекеттік қаржыландыру мәселесіне арналған жиын өткізді.

Жиын барысында Үкімет басшысы Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіндегі теңгерімсіздіктерді жоюды тапсырды. Мемлекет сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуді өз міндетіне алса да, бұл механизмнің жекелеген жекеменшік ұйымдар тарапынан теріс пайдаланылып отырғаны айтылды.

Атап айтқанда, субсидия көлемін арттыру мақсатында оқушылар мен педагогтерді жалған тіркеу, бір баланы бірнеше мектепте есепке алу, сондай-ақ жобалық қуаттан бірнеше есе артық оқушы қабылдау фактілері анықталған. Бұл жағдайлар білім сапасына да, мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына да тікелей кері әсерін тигізіп отыр.

Премьер-министр, сондай-ақ қымбат оқу ақысы бар «элиталық» жекеменшік мектептерді бюджет есебінен қаржыландыру орынсыз екенін қадап айтты. Оның айтуынша, ата-аналардың төлемдері оқу процесін толық қамтамасыз ете алатын жағдайда, мемлекеттік қолдау көрсетілмеуі тиіс.

Қаржы министрі Мәди Такиев жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беру тетіктерін қайта қарау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қаржыландыру процестері толық цифрландырылып, келісімшарттан бастап қаражаттың аударылуына дейінгі барлық кезеңдер бақылауға алынған.

OrtaBilim қызметінің 2026 жылғы 6 қаңтардағы мәліметіне сәйкес, e-Qazyna.kz порталы арқылы 789 жекеменшік мектеппен 78,7 млрд теңгеге келісімшарт жасалған. Алайда бұрын қаржыландырылған 206 білім беру ұйымы белгіленген талаптарға сай келмеген. Аудит нәтижесінде:

1 333 оқушының бір мектептен екінші мектепке 5–12 ретке дейін ауысқаны;

64 жекеменшік мектепте оқушылар саны жобалық қуаттан екі есе көп болғаны;

2024 жылы 167 мектептің салық есептілігінде кірістер көрсетілмегені анықталды.

Нәтижесінде мектептер 1,2 млрд теңге көлемінде салық төледі, қазіргі таңда 46 білім беру ұйымында қарсы тексерулер жүргізілуде.

Алдағы кезеңде мемлекеттік мектептер, балабақшалар мен университеттерді де цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл бюджет қаражатының жұмсалуында ашықтықты күшейтуді көздейді.

Сонымен қатар, жекеменшік білім беру ұйымдарын лицензиялау тәсілдерін қайта қарау және жеке медициналық ұйымдардың қызметіне қатысты бақылауды күшейту мәселелері көтерілді. Бұл бағытта «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ активтеріне кешенді талдау жүргізіледі.

Жиын қорытындысы бойынша жауапты министрліктерге бір апта ішінде нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды. 


Фото: ҚР Үкіметі 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу