KZ
Өскемен
-21°
туман Штиль
507.05 594.82 6.51

Шығыс Қазақстанда балалар спортын қаржыландыру екі есеге артады

7.01.2026, 18:30 142 Базарова Айгүл

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға тың қарқын беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Туризм және спорт министрлігі жан басына шаққан қаржыландыру жүйесіне көшіруді көздейтін заң жобасын әзірледі. Бұл бастама спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын күшейтіп, жас спортшыларға жасалатын мүмкіндікті кеңейтпек, деп хабарлайды Altainews.kz.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жаңа жүйе енгізілген жағдайда балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріндегі бір спортшыға бөлінетін жылдық қаржы шамамен 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін өседі. Яғни, қолдау көлемі екі есеге жуық артады.

Бүгінде министрлік – сметалық қаржыландыруды қолданып отырған жалғыз мемлекеттік орган. Сондықтан саланы басқарудың тиімділігін арттыру және қаржыны нақты спортшыға бағыттау мақсатында жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға көшу жоспарланып отыр.

Жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттерден қосымша қаржы бөлінеді. Бұл бастама Республикалық бюджеттік комиссияның қолдауына ие болған. Қажетті қаражат өңірлік бюджеттер есебінен қамтамасыз етіледі.

Жаңа қаржыландыру тетігі еліміздегі барлық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.

Бұл өзгерістер Қазақстандағы балалар спортының дамуына жаңа тыныс беріп, болашақ чемпиондардың қалыптасуына берік негіз қалайды. Министрлік бастамасы спорт инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, жас буынды спортқа тартуға да тың серпін бермек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу