ШҚО-да 62 инвестициялық жоба іске асырылуда: басымдық – нақты нәтиже
Шығыс Қазақстан облысында жалпы құны 106 млрд теңгеден асатын 62 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Өңірлік инвестициялық штабта жобаларды сүйемелдеу, шетелдік инвестиция тарту және жаңа бастамаларды пулға енгізу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында Жалпыұлттық инвестициялық пулды өзектілендіру және өңірдегі негізгі жобалардың жүзеге асу барысы қаралды.
ШҚО туризм басқармасының мәліметінше, бүгінде инвестициялық пулда 62 жоба тіркелген, оның 18-і пайдалануға берілген. Жалпы инвестиция көлемі 106 млрд теңгеден асады. Барлық жобалар іске қосылғаннан кейін үш жыл бойы «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелденеді.
Өңірдің өнеркәсіптік ерекшелігіне сай негізгі басымдық ірі капиталды қажет ететін және шетелдік инвесторлар қатысатын жобаларға беріліп отыр. Қазіргі таңда пулда өнеркәсіп және тау-кен металлургия саласында 15 жоба (632,6 млрд теңге), агроөнеркәсіптік кешенде 11 жоба (36,7 млрд теңге) бар.
Аймақта жүзеге асырылу сатысындағы және шетелдік капитал тартылған 44 жоба бар. Оның ішінде жалпы құны 242,3 млрд теңгені құрайтын төрт ірі жобада шетелдік инвестиция үлесі 52 пайыз. Атап айтқанда, Германия инвесторлары қатысатын «Алатау Литий» жобасы, Қытай капиталы есебінен іске асырылатын «Алтай Темір» бастамасы және балық шаруашылығын дамыту жобалары бар.
Сонымен қатар, инвестициялық пулға енгізу үшін алты жаңа жоба қаралды. Олардың қатарында кен өндіру, суармалы жерлерді айналымға енгізу, қонақүй құрылысы және балық шаруашылығы жобалары бар.
Жиында кейбір аудандардың инвестициялық белсенділігі төмен екені айтылды. Облыс әкімі бұл мәселе жеке бақылауында екенін атап өтті. Жалпы биыл өңірге шамамен 70 инвестициялық жобаны тарту жоспарланып отыр.




