KZ
Өскемен
-12°
туман жел 1 м/с, С
505.17 599.54 6.59

ШҚО-да субсидия төңірегіндегі олқылықтар қатаң бақылауда

22.01.2026, 19:00 155 Айдос Мырзахметов

Шығыс Қазақстан облысында мал шаруашылығын субсидиялау тетіктерінің орындалуына қатысты мәселе күн тәртібіне шықты. Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің жоспарлы тексерісі нәтижесінде асыл тұқымды ірі қараны дамытуға бөлінген субсидиялар бойынша елеулі бұзушылықтар анықталған. Аудит қорытындысына сәйкес, 1 284 бас малға субсидия төленгенімен, сол мал басын сақтау міндеттемелері әр орындалмаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған ақпаратқа сай, 74 ауыл шаруашылығы тауар өндірушіге тиесілі 1 284 бас ірі қара малға 79,28 млн теңге көлемінде субсидия төленген, алайда бұл шаруашылықтар мал басын сақтау жөніндегі міндеттемелерін толық орындамаған.

Бұзушылықтар облыстың сегіз ауданында тіркелген. Ең ірі сомалар Шемонаиха ауданында – 37,4 млн теңге, Күршім ауданында – 12,76 млн теңге және Зайсан ауданында – 15,125 млн теңге көлемінде анықталған. Сонымен қатар, Тарбағатай, Ұлан, Самар, Үлкен Нарын және Марқакөл аудандары да бар.

Аудит қорытындысы бойынша барлық шаруашылықтарға субсидияланған мал басының сақталмауына қатысты ресми хабарламалар жолдаған. Қазіргі таңда нақты қайтарылған қаражат көлемі мардымсыз. Зайсан ауданында ғана алты шаруашылық 167 бас ірі қара мал бойынша 2,25 млн теңге бюджетке қайтарған. Қалған жағдайда, шаруашылықтардың уәждерін ескере отырып, қайтарылуы тиіс сома 640 бас сақталмаған мал үшін 45,065 млн теңгені құрайды.

Облыс басшысы Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Ұлан, Шемонаиха, Марқакөл, Самар және Үлкен Нарын аудандарына субсидияланған, бірақ сақталмаған мал басы бойынша қайтарым жасау жөніндегі хабарламалардың орындалуын 2 ақпанға дейін қамтамасыз етуді тапсырды. 

– Субсидиялау қағидалары талаптарының қатаң әрі мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етіп, мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесі арқылы субсидияланған мал басының сақталуына тұрақты негізде тоқсан сайын мониторинг жүргізілсін, - деді Нұрымбет Сақтағанов. - Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен субсидияланған мал басын сақтау жөніндегі міндеттемелерді орындамау үшін жеке жауапкершілік бар екені туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізілсін.






Видео: Жалғас Сакадиев

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу