Шығыс Қазақстаннан Қытайға тікелей әуе рейсі ашылмақ
Шығыс Қазақстан облысының делегациясы осы аптада Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласына жұмыс сапарына шыққан болатын. Сапар Синьцзян әуежайлар тобының («XINJIANG AIRPORT GROUP CO., LTD.») ресми шақыруы негізінде ұйымдастырылды. Келіссөздердің негізгі тақырыбы – Өскемен мен Үрімші қалалары арасында тікелей әуе рейсін ашу мүмкіндігін қарастыру, деп хабарлайды Altainews.kz «Ертіс» ӘКК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Делегация құрамында облыстық туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ернар Мәулетханов, «Өскемен әуежайы» АҚ президенті Серік Оразғалиев, сондай-ақ «Ертіс» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Әбіл Дөнбаев бар.
Бұл бастама – өңірдің көлік-логистикалық қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Тікелей әуе қатынасы Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, трансшекаралық туризмді дамытуға серпін бермек. Сонымен қатар, іскерлік байланыстарды кеңейтуге, инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік ашады.
Сала мамандарының айтуынша, әуе қатынасының ашылуы экспортқа бағытталған өңір кәсіпорындары үшін логистикалық шығындарды қысқартуға, жеткізу мерзімін оңтайландыруға және жаңа нарықтарға шығуға жол ашады. Туризм, қызмет көрсету және шағын бизнес секторлары үшін де мультипликативтік әсер күтіледі.
Бүгінде Шығыс Қазақстан өңірі көлік инфрақұрылымын жаңғырту және халықаралық дәліздерге кірігу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Өскемен әуежайының әлеуетін арттыру, автомобиль жолдарын жаңарту және шекара маңы ынтымақтастығын дамыту – осы саясаттың құрамдас бөлігі. Осы тұрғыда Үрімші бағыты – экономикалық және стратегиялық тұрғыдан өзекті жоба.
Фото: «Ертіс» ӘКК» АҚ