Өскемен – Зайсан бағытында әуе рейстері қайта ашылады
5–28 ақпан аралығында «Южное небо» әуе компаниясы Өскемен – Зайсан – Өскемен бағыттары бойынша жолаушыларға әуе билеттерін сатуды бастайды. Бұл рейстер өңір тұрғындары үшін шалғай аудандарға қатынауды жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Ұшу кестесіне сәйкес, дүйсенбі және сенбі күндері әуе кемелері Өскемен қаласынан сағат 12:00-де көтеріліп, Зайсан қаласынан 13:30-да кері бағытта ұшады. Ал жұма және жексенбі күндері рейстер Өскеменнен 09:00-де, Зайсаннан 10:30-да жүзеге асырылады. Ұшу уақыты – шамамен 1 сағат.
Бір бағыттағы әуе билеттерінің құны 17 000 теңгені құрайды.
Әуе рейстеріне қатысты қосымша мәліметті 8 (7252) 920-450 және 8-777-502-51-84 телефон нөмірлері арқылы білуге болады.