ҚСЗИ директоры: Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 78%-ы конституциялық реформаны қолдайды
Тәуелсіз әлеуметтік зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың басым көпшілігі Конституциялық реформаны қолдап отыр. Азаматтар сондай-ақ ұсынылған өзгерістерден жеке әл-ауқаты мен жалпы өмір сүру сапасының жақсаруын күтеді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов Конституциялық комиссияның кезекті отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жандос Шаймарданов ауқымды реформа бойынша жұмыс 2025 жылдың қазан айында басталғанын және азаматтардан тікелей кері байланыс алумен қатар жүргенін еске салды.
Мәселен, Конституциялық комиссияның жұмысы басталған кезде азаматтар, заңгер-ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялардан және үкіметтік емес ұйымдардан 2 мыңнан астам бастамашыл ұсыныстар келіп түскен.
ҚР жаңа Конституциясы жобасының ашық жариялануы да еркін қоғамдық пікірталасқа ұласты. eOtinish платформасы арқылы өтініштер әлі де түсіп жатыр. Олардың саны 4 мыңнан асты.
Оның айтуынша, қоғамда Ата заңды қабылдау тұрғысында көзқарас өзгеріп келе жатқаны байқалады. Мәселен, азаматтардың едәуір бөлігі үшін Конституция билік органдарының өкілеттіктерін реттейтін заңды құжат ретінде ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің құндылық бағдарларын, даму принциптерін белгілейтін негіздемелік мәтін ретінде қабылданып отыр.
Ол ұсыныстардың екінші топтамасында құқық пен әділеттіліктің үстемдігі қағидаттарын нығайтудың, сондай-ақ институттарға деген сенім мен бәрінің заң алдындағы теңдігінің негізі ретінде «Заң және Тәртіп» тәсілін дәйекті түрде жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілгенін айтты.
Сонымен бірге ол мүдделер теңгерімі мәселесі халықты адам құқықтары мен бостандықтары тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар халықаралық міндеттемелер мен ұлттық заңнама тұрғысынан да толғандыратынын айтты.
ҚСЗИ директорының айтуынша, пікірталастың тағы бір бағыты – мемлекет пен білім беру жүйесінің зайырлы сипатын бекіту.
Жаңа Конституцияның жобасында зайырлылық ғылымға, инновацияға және адами капиталды қалыптастыруға басымдық беретін заманауи білім беру жүйесін дамытудың қажетті шарты ретінде белгіленді.
Оның айтуынша, сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі – респонденттердің 78%-ы конституциялық реформаға қолдау білдірген.