KZ
Өскемен
-19°
туман жел 1 м/с, С
503.35 590.63 6.62

Жаңа Парламенттің өкілеттіктері талқыланды

16.01.2026, 12:00 510 Базарова Айгүл

Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бесінші отырысы өтті. Жиында жаңа Парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың қызметін қалыптастыру мен қамтамасыз етудегі рөлі мен өкілеттіктері талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Отырыста Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардан келіп түскен ұсыныстар бойынша аралық есеп ұсынды. Оның айтуынша, 2025 жылдың қазан айынан бері e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі арқылы 600-ге жуық ұсыныс түскен. Ұсыныстарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, сарапшылық ұйымдар мен кәсіби қауымдастықтар жолдаған. Сонымен қатар құқықтанушы ғалымдар да реформаны жетілдіруге бағытталған сараптамалық ұсынымдарын білдіріп отыр.

Бұдан бөлек, азаматтар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан парламенттік реформаға қоса, конституциялық реформаға қатысты бастамалардың да түсіп жатқандығы айтылды.

Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары, Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Парламенттің Үкіметті, Конституциялық Сотты, Жоғары аудиторлық палатаны, Орталық сайлау комиссиясын және өзге де мемлекеттік органдарды жасақтауға қатысу тәртібін айқындайтын конституциялық рәсімдер жөнінде баяндады. Аталған тәсілдер жұмыс тобы мүшелері мен саяси партиялардың ұсыныстары негізінде әзірленген.

Отырыс барысында жұмыс тобының мүшелері өз көзқарастары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын қорытындысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин конституциялық реформаның түпкілікті тұжырымдамасын әзірлеу үшін барлық ұсынысты жүйелеп, жан-жақты талдауды тапсырды.

Айта кетейік, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қазандағы өкімімен құрылды. Осы уақытқа дейін жұмыс тобының бес отырысы өтті.



Фото: Ақорда

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу