KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, С
501.79 595.07 6.56

Алтай бейнесі және адам тағдыры: халықаралық конференция

24.01.2026, 11:30 146 Базарова Айгүл

Елордада Шығыс қаламгері, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқардың 75 жас мерейтойына арналған «Әлібек Асқар шығармашылығындағы Алтай бейнесі және адам тағдыры» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап. 

Ауқымды басқосуға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғалымдар, мәдениет саласының қызметкерлері мен студенттер қатысты. 

Конференция аясында «Әлібек Асқар прозасындағы Алтай тақырыбы» және «Қаламгер шығармашылығындағы Әйел-Ана бейнесі» атты секциялық отырыстар ұйымдастырылып, жазушы туындыларындағы ұлттық идея, авторлық жауапкершілік, образдар жүйесі мен көркем тіл ерекшеліктері кеңінен талқыланды. 

Әлібек Асылбайұлы Асқаров 1951 жылы 21 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында дүниеге келген. Ол – жазушы, прозашы, баспагер әрі журналист ретінде ел руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. 2001 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болып, 2006 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Бүгінде Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Астанада өткен конференция Шығыс Қазақстаннан шыққан қаламгердің шығармашылық жолына, ұлттық әдебиеттегі биік орнына берілген лайықты құрмет, жазушы көркем әлемі мен рухани мұрасын кейінгі буынға тереңірек танытуға бағытталған маңызды мәдени-ғылыми оқиға ретінде есте қалмақ.



Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу