KZ
Өскемен
-21°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
498.65 589.06 6.49

Теміржолдан жүк ұрлаған ШҚО тұрғындарына сот үкімі шықты

26.01.2026, 14:00 113 Ержан Әбіш

Көліктегі полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен жүргізген ауқымды әрі жүйелі жұмыстың нәтижесінде теміржол құрамдарының контейнерлерінен жүк ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2025 жылғы сәуір айында көлік полицейлері Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындарынан құралған алты адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. Тергеу барысында олардың 2024 жылғы тамыздан 2025 жылғы сәуірге дейін Қытай – Еуропа халықаралық бағыты бойынша қатынаған пойыздардың контейнерлерінен жүктерді жүйелі түрде ұрлап келгені анықталды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық топтың кемінде төрт ұрлық дерегіне қатысы бар екені дәлелденді. Ұрланған заттардың қатарында бейнебақылау камералары, балалар арбалары және көлік бөлшектері болған. Жүк иелеріне келтірілген жалпы материалдық шығын 212 миллион теңгеден асты.

Қылмыстық топ мүшелерінің кінәсі толық дәлелденіп, келтірілген залал толық көлемде өтелді. Сот шешімімен олардың әрқайсысына 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Көліктегі полиция департаменті жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық көлік логистикасы қатысушыларының мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу